“Қарапайым сұрақтан сүрінетіндер көп”. Сарапшы мектеп директорлығына үміткерлер туралы пікір білдірді

Қаракөз Амантай 15 қаң. 2026 12:11

Қазақстанда мектеп директорларын тағайындау тәртібіне өзгеріс енгізу жоспарланып отыр. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова директорларды бастапқыда екі оқу жылына тағайындап, жұмысы нәтижелі болған жағдайда бұл мерзімді тағы екі жылға ұзартуды ұсынды. Аталған бастаманың мектеп басқару сапасына әсері қандай болуы мүмкін? Осы сауалға білім беру саласының сарапшысы Өмір Шыныбекұлы жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министр ұсынған жаңа тәртіп

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Facebook желісінде мектеп директорларын тағайындау тәртібін өзгерту жөніндегі ұстанымын жариялады. Министрдің айтуынша, директор екі оқу жылына тағайындалып, жұмысы тиімді болған жағдайда тағы екі жылға ұзартылуы мүмкін. Алайда бір мектепті басқару мерзімі төрт оқу жылынан аспауы тиіс. Бұл ұсынысты жақын уақытта министрлік бұйрығы ретінде бекіту жоспарланып отыр.

Министрдің сөзінше, директордың қызметі нақты нәтижелер арқылы бағалануы қажет. Атап айтқанда, мектептегі білім сапасының жақсаруы, оқушылардың білім деңгейінің өсуі, қауіпсіздік мәселелерінің шешілуі және мұғалімдердің кәсіби біліктілігінің артуы негізгі өлшем болуы тиіс. Сонымен қатар ол мұғалімдер тарапынан мектеп директорларының озбырлығына қатысты шағымдар түсіп жатқанын да атап өтті.

“Директор – оқу процесін ұйымдастырушы ғана емес, өзі де білікті, кәсіби ұстаз болуы тиіс”, – деді министр.

Білім сарапшысы не дейді?

Аталған бастамаға байланысты білім беру саласының сарапшысы Өмір Шыныбекұлы  пікір білдіріп, ұсынысты қолдайтынын мәлімдеді. Айтуынша, бұл қадам мектеп басқару жүйесіндегі бұрыннан келе жатқан проблемаларға жауап ретінде көтеріліп отыр.

Сарапшы кейінгі бес-алты жылда Шымкент қаласы Білім басқармасы жанындағы мектеп директорлығына үміткерлерді іріктеу комиссиясының мүшесі болғанын айтты. Оның сөзінше, осы кезеңде үміткерлердің кәсіби деңгейіне қатысты алаңдатарлық жайттар байқалған. Әсіресе, кейінгі жылдары жылдары тәжірибелі мұғалімдер директор болуға құлықсыз болып кеткенін алға тартты.

“Байқаған тенденциям, өкінішке қарай, білімді, білікті мұғалімдер директор болуға ұмтылмайтын болып бара жатыр. Ешкімді ренжіткім де, кемсіткім де келмейді, бірақ кейінгі кезде директорлыққа көбіне дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері үміткер болып жүр. Олардың арасында бұл қызметке тағайындалып кеткендер де аз емес”, - дейді ол.

Өмір Шыныбекұлының сөзінше, кейбір үміткерлер қарапайым сұрақтардан да сүрініп,“шпаргалка” қолданған жағдайлар да тіркелген.

“Осыдан-ақ бір қорытынды жасауға болады. Үміткерлердің басым бөлігінің білімі мен басқарушылық қабілеті өте таяз. Кейде қарапайым сұрақтарға да жауап бере алмайды. Өз тәжірибемнен айтайын, Шымкент қаласы Білім басқармасында директорлыққа үміткерлермен тікелей эфир форматында сұхбат жүргізілген кезде, сыртта кезегін күтіп отырған үміткерлер комиссия қойған сұрақтарды жазып алып, сол жерде шпаргалка дайындап отырған жағдайлар да болды. Тіпті дайын шпаргалкамен ұсталғандар да кездесті. Бұл жазбалар Білім басқармасының сайтында 2022 немесе 2023 жылдары жарияланған болуы мүмкін”, - деді ол.

Сондай-ақ сарапшы бір мектепті ондаған жыл бойы бір адамның немесе бір әулеттің басқаруы жиі кездесетінін атап өтті. Оның пікірінше, мұндай тәжірибе білім беру ұйымдарының жабық жүйеге айналуына және ішкі бақылаудың әлсіреуіне алып келеді.

“Біз директор тағайындаудың түрлі мысалдарын көрдік. Бір мектепте 30 жыл отырған директорлар бар. Мәселен, Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы мектепке 1968 жылы әкесі директор болып тағайындалған, кейін баласы 30 жыл басқарған, соңында орнын қызына қалдырған. Яғни, бір мектептің 50 жылдан астам уақыт бойы бір әулеттің меншігіне айналып кеткенін көрдік. Мұндай деректер аз емес. Кейбір директорлар 10 жыл, 8 жыл, 7 жыл, 5 жыл отырған”, - деп қосты ол.

Осы тұрғыда Өмір Шыныбекұлы министр ұсынған жаңа тағайындау моделін сынап көру орынды екенін жеткізді. Айтуынша, бұл тәсіл директорлардың жұмысына нақты баға беруге, жауапкершілікті арттыруға және басқару сапасын жақсартуға мүмкіндік беруі мүмкін.

“Министр Жұлдыз Досбергенқызының бастамасын қолдаймын. Мұны да эксперимент ретінде көрейік, бәлкім нәтиже осы жолы шығар”,- деді ол.

Сонымен қатар сарапшы білім беру ұйымдарында толық инвентаризация мен қаржылық аудит жүргізу қажет екенін де атап өтті.

“Қалай болғанда да, бұған дейін директорлардың қол астындағы қызметкерлерге қысым көрсетуі, қаржылық бұзушылықтар секілді мәселелер әлі түбегейлі шешілген жоқ. Мен бұл туралы Аймағамбетовтің министр болған кезінен бастап айтып келемін. Барлық білім беру мекемелеріне толық инвентаризация мен аудит жүргізілуі тиіс. Бұл – уақытша немесе формалды шара емес, нақты қажеттілік”, - деп ұсынысын айтты сарапшы.

Оның сөзінше, есеп-қисап пен менеджменттегі олқылықтар жойылмайынша, директорларды тағайындау жүйесін өзгерту өздігінен түбегейлі нәтиже бермеуі мүмкін.

“Өкінішке қарай, директорлардың көпшілігі менеджменттен, есеп-қисаптан хабары жоқ. Кеңес заманында әрбір ауыл мектебінде, он жылдық мектептерде автокөлік болған. Кейбір мектептерде сол кезден қалған көліктер әлі күнге дейін баланстан шығарылмаған деген ақпарат бар. Ол көліктердің өзі әлдеқашан жарамсыз болып, темір-терсекке айналған болуы мүмкін, бірақ қағаз жүзінде баланста тұр. Осындай мәселелердің бәрі мұқият тексерілуі керек. Сондықтан мен министрдің бұл бастамасын қолдаймын. Эксперименттен қорқатын уақыттан өттік. Бұған дейін түрлі тәжірибелер жасалды. Енді осыны да байқап көрейік”,- деп түйіндеді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove