Жазушы әрі саясаттанушы Бақытжан Бұхарбай әлеуметтік желілерде адамның қайғысы мен науқас балалардың тағдырын контентке айналдыру қауіпті үрдіске айналғанын айтып, мұндай әрекеттерге құқықтық және этикалық тұрғыдан тосқауыл қою қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, Қазақстан тарихи тұрғыда көптеген сынақтан өтіп, тәуелсіздігін нығайтқан мемлекет. Сондықтан қоғамға үнемі дәрменсіздік пен қайғы образын таңудың қажеті жоқ.
«Біз тарихи күрестен өттік, барлық жауды жеңдік, тәуелсіз ел болдық. Бүгінде бізді тежейтін сыртқы факторлар жоқ. Соған қарамастан кейбір медиа тұлғалар мен блогерлер қоғамға үнемі қайғы мен бақытсыздық культін таңып келеді», деді Бақытжан Бұхарбай.
Саясаттанушының пікірінше, соңғы жылдары науқас балалардың, түрлі қайғылы оқиғалардың және өзгенің жеке қасіретінің әлеуметтік желідегі қаралым мен табыс құралына айналуы алаңдаушылық туғызады.
«Ауру балалардың бейнесі мен өзгенің қайғысын әлеуметтік желідегі реалити шоуға айналдыру құқықтық әрі этикалық нормаларды өрескел бұзады. Адамның қайғысы арқылы контент жасап, пайда табу азаматтардың ойлау жүйесін өзгертеді, шынайы жанашырлықты жояды. Мұндай әрекеттер мемлекет тарапынан қатаң тоқтатылуы тиіс», деді ол.
Бұхарбайдың айтуынша, әлеуметтік желілер қоғамдағы мәселелерді көтерудің алаңы болғанымен, адамның қайғысын аудитория жинаудың немесе табыс табудың құралына айналдыру қалыпты құбылысқа айналмауы керек.
Ол қоғамда қайырымдылық пен жанашырлық сақталуы тиіс екенін, алайда ол адамның жеке трагедиясын көпшілікке жариялау арқылы емес, оның ар-намысы мен құқығын құрметтеу арқылы көрініс табуы қажет екенін атап өтті.