«Қабылданбай жатып, қайта өзгеруі мүмкін»: Үкімет салық реформасына күмәнмен қарай бастады

Көркем Алдабергенова 25 мау. 2025 11:00

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев Қазақстандағы заңнаманың, әсіресе салық жүйесіне қатысты тұрақсыздығын сынға алды. Оның айтуынша, елде бір жыл ішінде бірнеше рет өзгертілетін заңдар бар, ал бұл – тұрақты құқықтық орта қалыптастыруға кедергі, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Саясаттанушының айтуынша, қазіргі ұсынылып отырған салық кодексі - ел тарихындағы бесінші нұсқа. 

"Бірақ үкімет оны 2025 жылдың жазында қайта қарауға ниетті екенін өз жоспарына алдын ала енгізіп қойған. Кеше Сенат өзгеріс енгізіп, соған сәйкес жаңа түзетулер 1 шілдеге дейін қабылданып, 1 қаңтардан бастап күшіне енуі керек делінді. Бірақ менің түсінгенім – бұл талап барлық өзгеріске бірдей қолданылмайды", - дейді саясаттанушы. 

Данияр Әшімбаев салық кодексі тұрақты болғаны дұрыс дейді. 

"Әрине, салық заңнамасының анағұрлым тұрақты болғанын қалар едік, бірақ бұл жолғы салық реформасы сәтсіз болғаны соншалық, тіпті оны болашақта міндетті түрде қайта қарап, түзетуге тура келеді. Парламенттің екі палатасы да бұл жобаны талқылау кезінде фискалдық жаңалықтардың экономика мен әлеуметтік салаға кері әсерін азайту - негізгі міндет болғанын ашық айтты", - дейді Әшімбаев. 

Бұған дейін есімі жасырын қалуды сұраған қаржыгер маман Dalanews.kz-ке берген сұхбатында жаңа Салық кодексін Мемлекет басшысы жеме-жемге келгенде қабылдамай тастауы да мүмкін екенін айтқан болатын. 

Қаржыгердің айтуынша, қазіргі талқы қалпындағы өзгерістерді бизнестің иісі мұрнына бара бермейтін, кабинетте отырған мамандар жасаған. Сол себепті де кәсіпкерлер қауымы оған үдере наразы. Маманның айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін де өзгерістер енгізілген Салық кодексін қабылдамай, кері қайтарған.

Ал 23 маусымда сенаторлар салық кодексіне өзгерістер енгізіп, жобаны мәжіліске қайтарды

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Кодекс талқыланған кезде депутаттарға бизнес өкілдері жүгінгенін айтты. Олар заңның кейбір тұстарына қатысты Үкіметпен келіспейтінін білдірген. Сондай-ақ инвесторларға жағдай жасау, оларды тарту мен сүйемелдеу тетіктерінің тиімділігі бойынша Сенатта қызу пікірталастар болғаны атап өтілді.

Сенат комитеттері мемлекеттік органдармен, кәсіпкерлермен және сарапшылармен бірлесіп, әрбір ұсынылған норма бойынша қарқынды әрі ауқымды жұмыс жүргізді. Бұл процестің барлығы ашық өткен.

Осы жұмыстың нәтижесінде Кодекстегі кейбір нормалардың теріс салдарын азайтып, елдегі бизнес жүргізу жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар ұсыныс пен түзетулер дайындалды.

Осылайша жаңа түзетулермен бірге Салық кодексі мен оған қатысты заң жобасы Мәжіліске қайта жолданды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар