Қаржыгер-маман: Жаңа Салық кодексін Мемлекет басшысы қабылдамай тастауы да мүмкін

Кәмшат Тілеухан 24 мау. 2025 11:08

Қазір Мәжіліс мақұлдап, Сенаттың қарауында жатқан жаңа Салық кодексін Мемлекет басшысы жеме-жемге келгенде қабылдамай тастауы да мүмкін. Бұл туралы Dalanews.kz сайтына өзінің аты-жөнін атап көрсетпеуді өтінген қаржыгер-маман айтты.

Қаржыгердің айтуынша, қазіргі талқы қалпындағы өзгерістерді бизнестің иісі мұрнына бара бермейтін, кабинетте отырған мамандар жасаған. Сол себепті де кәсіпкерлер қауымы оған үдере наразы.

"Мынандай қарабайыр логика бұл арада: "бюджетті қалай толықтырамыз" дегенде бизнесмендер санын алған, солардың салығын 12-ден 16-ға өсірсек, "осынша табысқа кеңелеміз" деген, болды, бітті. Ал, іс жүзінде, егер бұл заң қабылданса, ол жұмыс істемейді. Өйткені табысқа кеңелем деп сеніп отырған кәсіпкерлер саны ондайда екі есеге азаяды. Себебі олар бүйтсе бағаны қымбаттатуы керек. Ал қасында арзан тауары мен жұмыс күші бар Қытай тұрғанда, онымен алысқа бара алмайсыз. Қазірдің өзінде базарға барып көріңіздер сенбі-жексенбі, бұрынғыдай иін тіріскен қарақұрым халық жоқ. Тауарлар өтпей тұр. Жұрт арзанды іздейді. Үйден шықпай, оны Қытайдан алдырта салады. Ал, енді салық өссе, оған қоса көптеген жеңілдіктер алынып, керісінше қатаң шаралар күшіне енсе, тең жарты бизнестен айырыламыз ғой. Ал бұл дегеніңіз қан жүгіріп тұрған ағзаны өз қолымен өзіңіздің буындырып өлтіргеніңізді білдіреді", - дейді ол.

Ал бұл өзгерістерді лобиилеушілер (қарасы көп) Түркияны, Аргенияны мысалға келтіретін көрінеді.

"Түркия халқының саны қанша? Қазақстан халқы қанша? Екі экономиканы салыстыруға да келмейді. Бірі – капитализмде баяғыдан өмір сүріп жатқан, әбден төселіп, нарықтық жолдармен дамушы экономика, ал бірі - нарықтық тұрғыдан алғанда, посткеңестік кеңістіктегі толыққанды қалыптаспаған шала дүние", - дейді қаржыгер.

Маманның айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін де өзгерістер енгізілген Салық кодексін қабылдамай, кері қайтарған.

"Бұл жолы да сөйтеді, басқа амалы жоқ. Тағы шикі ғой өйткені. Қаншама уақыт текке кетті. Сондықтан, меніңше, мұнымен айналысқандар жауапты болуы тиіс. Тағы үшінші мәрте осы күйінде алдына келіп тұрмасы үшін. Әйтпесе, тәжірибе жоқ емес. Алысқа бармай-ақ, "Атамекенмен" тізгін қағысып бұл құжатты дұрыстап әзірлесе, бұдан тұщымды дүние шығаруға болады, негізі", - дейді ол.

Оның айтуынша, жаңа Салық кодексінің жолының болмауының екі себебі бар.

"Біріншісі - қабілетсіздік, асығыстық, "тисе терекке, тимесе бұтаққа" деп өз жұмысына селқос қараулық. Екіншісі – қасақаналық. Адамның өзі де басына тиген таяқтан сабақ алады емес пе? Ал бұл құжаттың бізде "пісіріліп жатқанына" қай заман? Ниет болса, оны бір жақты ететін уақыт әлдеқашан болған. Соған қарағанда оны таза мамандардың қолына тигізбей, әдейі шикі қалдырады.  Неге? Ол жағын білмедім", - дейді қаржыгер.

Сөз соңында маман мұның маламатан дүние екеніне көз жеткізу үшін қазірдің өзінде миы ашып, қан сорпасы шығып жатқан кәсіби салықшылар мен есепшілерді сөйлетіп көруді ұсынады.

Айта кетсек, 2025 жылы 30 сәуірде Мәжіліс депутаттары жаңа Салық кодексі мен салық салу мәселелері бойынша ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. 2025 жылы 8 мамырда ол Сенатқа келіп түсті. Жаңа Салық кодексін шілде айында қабылдап, 2026 жылы 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізу жоспары бар. Расында, күні кеше Сенат аталған заң жобасына тағы да өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, Мәжіліске кері қайтарды. Расында, кәсіпкерлер тарапынан келіспеушіліктер бар болып шықты. Ал оның қаншалықты жөндеп-мұқауға келетінін алдағы уақыт көрсетеді.

Депутаттар пен Үкіметтің бiрлескен жұмысы нәтижесiнде, соның iшiнде қосымша құн салығы реформасы бойынша мынандай бiрқатар шешiм қабылданған.

  • Алғашында Үкімет ұсынған 20 пайыздық мөлшерлеме 16 пайызға дейін төмендетілді.
  • Қосымша құн салығы бойынша міндетті тіркеудің шегі 15 миллионнан 40 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды.
  • Дәрілік заттар мен медициналық қызметтерге қосылған құн салығының төмендетілген мөлшерлемелері енгізіледі: 2026 жылдан бастап 5 пайыз және 2027 жылдан бастап 10 пайыз болады.
  • Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, міндетті медициналық сақтандыру, сирек кездесетін және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу аясындағы тауарлар мен қызметтер қосылған құн салығын төлеуден босатылады.
  • Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен отандық басылымдарды, сондай-ақ, баспа түріндегі кітаптарды басып шығару қызметтерін ҚҚС төлеуден босату жоспарланып отыр.
  • Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатымен қосылған құн салығы сомасы 70 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтылды.
  • Оңайлатылған декларацияны реформалау аясында рұқсат етуші тізімінің орнына тыйым салынатын тізім енгізілді.
  • Мәслихаттардың өңірлік ерекшеліктерін ескере отырып ±50%-ға дейін түзету мүмкіндігімен 4 пайыздық бірыңғай мөлшерлеме белгіленді.
  • Кәсіпкерлік субъектілері арасындағы операцияларға арнаулы салық режимін қолдану кеңейтілді.
  • Ойын бизнесі мен банктер үшін корпоративті табыс салығы мөлшерлемесі 25 пайызға дейін көбейтілді. Ал банктер үшін кәсіпкерлік субъектілерін несиелеуден түсетін кірістер бойынша мөлшерлеме 20 пайыз деңгейінде қалды.
  • Жеке табыс салығының прогрессив шкаласы енгізіледі: жалақы бойынша: 8500 АЕК-ке дейінгі табысқа 10% (жылына 33,5 млн. теңгеге дейін), одан жоғары болса 15%; дивидендтер түріндегі кірістер үшін: 230 000 АЕК дейін 5% (1 млрд. теңгеге жуық) және одан жоғары болса 15%; резидент емес жеке тұлғалардың кірістері үшін: 600 000 АЕК дейін 10%, одан жоғары болса 17%.

Ал кешегі Сенаттағы өзгертулерге мыналар енеді:

1. Фермерлік шаруашылықтар үшін прогрессивті салық салу ұсынылды: 230 000 АЕК-тен асатын табысқа 15% мөлшерлеме енгізіледі;
2. KASE-де бағалы қағаздармен жасалған мәмілелерден дивиденд алатын азаматтарға (АХҚО тәрізді) ЖТС бойынша жеңілдік беріледі;
3. Банктік операциялар қымбаттап кетпеуі және халықаралық есептеулерде іркілістер болмауы үшін төлем карталары бойынша операциялар ҚҚС-тан босатылады;
4. Люкс заттарға (автокөлік, кеме, ұшақ) акциз тек импорт кезінде емес, ел ішінде сатылғанда да алынады. Бұл салықты тек жеке тұлғалар төлейді;
5. Мемлекеттік бағалы қағаздармен операциялардан табыс табатын резидент еместер үшін жеңілдік сақталады. Бұл инвестициялардың кетуіне жол бермеу үшін қажет;
6. Салықтың ауырлайтын нормалары тек 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді деп нақты белгіленді;
7. Камералдық бақылау бойынша хабарламаларға жауап бермеген жағдайда электронды шот-фактураларды уақытша тоқтату тетігі енгізіледі;
8. Құрамында мүгедектігі бар кемінде 10 адам жұмыс істейтін кәсіпорындардың айналымы ҚҚС-тан босатылады;
9. Отандық баспа басылымдары үшін ҚҚС мөлшерлемесі 10% болып бекітіледі;
10. Қоршаған ортаға теріс әсері бар, бірақ тіршілікке қажетті нысандар үшін қолданыстағы экологиялық төлем мөлшерлемелері сақталады;
11. Шаруа қожалықтарына өтеусіз берілген мүлік салық салынатын табыс болып есептелмейді.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар