Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысы 2027 жылы басталуы мүмкін. Бұл туралы "Росатом" мемлекеттік корпорациясының басшысы Алексей Лихачев мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, атом электр станциясын кезең-кезеңімен іске қосу жоспарланып отыр. Алғашқы және екінші энергоблоктар 8-10 ай аралығында пайдалануға берілуі мүмкін. Жобаны толық аяқтау мерзімі 2030 жылдардың ортасына жоспарланған.
"Негізгі мақсат – 2030 жылдардың ортасына қарай жобаны толық жүзеге асыру. Энергоблоктарды кезең-кезеңімен іске қосамыз", – деді Лихачев.
Сондай-ақ "Росатом" басшысы Ресей президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары кезінде АЭС құрылысына қатысты екі үкіметаралық келісімге қол қойылуы мүмкін екенін айтты. Құжаттарда құрылыс жұмыстарын жүргізу және жобаны қаржыландыру шарттары қарастырылған.
Қазіргі уақытта атом электр станциясы салынатын нақты орын әлі бекітілмеген. Бұл мәселе жыл соңына дейін шешіледі деп жоспарланып отыр. Мамандар қазір сейсмикалық жағдайды, геологиялық ерекшеліктерді, су ресурстарын және температуралық режимдерді зерттеп жатыр.
Лихачевтің сөзінше, дайындық жұмыстарының 95 пайызы аяқталған.