Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасындағы дипломатиялық өкілдіктерге арналған ғимараттар мен жер учаскелерін өтеусіз пайдалану туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасын жұмысқа қабылдады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Құжатты Мәжілістің жалпы отырысында депутат Айдос Сарым таныстырған.
Оның айтуынша, келісімге 2025 жылғы 22 тамызда Бішкек қаласында қол қойылған.
Депутаттың сөзінше, құжаттың негізгі мақсаты – Астана мен Бішкек қалаларында Қазақстан және Қырғызстан елшіліктері мен төтенше және өкілетті елшілердің резиденциялары үшін ғимараттар мен жер телімдерін өзара өтеусіз пайдалануға беру.
Айдос Сарым келісімде жер учаскелері мен ғимараттарды беру тәртібі мен шарттары нақты көрсетілгенін атап өткен.
«Комитет аталған заң жобасын жұмысқа қабылдап, тиісті қорытынды әзірлеуге дайын. Қолдауларыңызды сұраймын», – деген депутат.
Дауыс беру қорытындысы бойынша Мәжіліс депутаттары құжатты бірауыздан қолдаған.
Отырыста 85 депутат дауыс беріп, олардың барлығы заң жобасын жұмысқа қабылдауға келісім білдіргені айтылды.
Еске салсақ, 28 мамыр күні Мәжілісте кезекті жалпы отырыс өтіп жатыр. Депутаттар бірінші оқылымда экология мәселелері, техникалық және кәсіптік білім беру, сондай-ақ көші-қон саласына қатысты заң жобаларын да қарауда.