Ербаян Мұхтар жансақтау бөліміне шұғыл түрде жеткізілді

Ербаян Мұхтар жансақтау бөліміне шұғыл түрде жеткізілді
ашық дереккөз

Әскери борышын өтеу кезінде ауыр бас сүйек-ми жарақатын алған сарбаз Ербаян Мұхтар шұғыл түрде Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының ауруханасына жатқызылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы Ербаянды емдеуге қатысып жүрген Ұлпан Советбекқызы хабарлады.

Оның айтуынша, өзі де қазір ем қабылдап, аурухана парағында жүргеніне қарамастан, Ербаянның ата-анасының өтінішімен көпшілікке үндеу жасауға мәжбүр болған.

– Қазір Ербаян жансақтау бөлімінде жатыр, ал ата-анасы оның денсаулық жағдайына қатысты қажетті ақпаратты толық ала алмай отыр. Сондықтан баршаңызды бейжай қалмай, қолдан келген көмекті көрсетіп, қолдау білдіруге шақырамыз. Оған дұға жасап, жақсы тілектеріңізді арнаңыздар. Бұл қазір Ербаян үшін де, оның отбасы үшін де өте маңызды. Қолдау білдіріп, алаңдап жүрген әр адамға алғыс айтамыз, – делінген хабарламада.

Еске салсақ, бұған дейін Ұлттық ұлан өкілдері мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген сарбаз Ербаян Мұхтардың дәретханада құлап қалып, жарақат алғанын мәлімдеген еді. Алайда сарбаздың ата-анасы бұл нұсқамен келіспейтіндерін айтқан.

Белгілі болғандай, Ербаян Мұхтар 2023 жылдың желтоқсан айында ауруханаға түскен. Осы уақытқа дейін оған бес рет операция жасалған.