Әзірбайжан мен Ресей 2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау маңында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Embraer 190 ұшағына қатысты мәселені реттеу жөнінде келісімге келді, деп dalanews.kz тілшісі kznews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл туралы екі елдің сыртқы істер министрліктері бірлескен мәлімдеме жариялады. Құжатта тараптардың ұшақ апатының салдарын толық реттеу, соның ішінде өтемақы төлеу мәселесі бойынша ортақ шешімге келгені айтылған.
Мәлімдемеге сәйкес, мұндай уағдаластыққа 2025 жылғы 9 қазанда Душанбеде Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев пен Ресей президенті Владимир Путиннің кездесуі кезінде қол жеткізілген.
Құжатта ұшақтың Ресей әуе кеңістігінде әуе қорғаныс жүйесінің абайсыз әрекеті салдарынан зақымданғаны көрсетілген. Тараптар қабылданған шешімдер екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты сақтауға және қарым-қатынасты одан әрі дамытуға бағытталғанын атап өтті.
Сондай-ақ Әзірбайжан мен Ресей сыртқы істер министрліктері екі ел арасындағы байланыс өзара құрмет, сенім және ортақ мүдделер негізінде нығая беретініне сенім білдірді.
"Қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына тағы да қайғырып көңіл айтамыз", – делінген бірлескен мәлімдемеде.
Айта кетейік, бұған дейін Душанбеде өткен кездесуде Владимир Путин Ильхам Әлиевке апатқа қатысты өз түсіндірмесін айтқан болатын. Ресей президентінің сөзінше, сол күні Грозный аспанында украиналық ұшқышсыз ұшу аппараты болған. Путин ұшақ әуе қорғаныс зымыранының тікелей соққысынан емес, жарылыс кезінде шашыраған сынықтардан зақымданғанын мәлімдеген еді.
Осылайша, Ақтау маңындағы қайғылы әуе апатына қатысты мәселе дипломатиялық деңгейде реттеліп, тараптар өтемақы төлеу және оқиға салдарын жабу бойынша келісімге келген.