Сенаторлар салық кодексіне өзгерістер енгізді

Көркем Алдабергенова 23 мау. 2025 12:23

Сенаторлар салық кодексіне өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бүгінгі отырыста Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Кодекс талқыланған кезде депутаттарға бизнес өкілдері жүгінгенін айтты. Олар заңның кейбір тұстарына қатысты Үкіметпен келіспейтінін білдірген. Сондай-ақ инвесторларға жағдай жасау, оларды тарту мен сүйемелдеу тетіктерінің тиімділігі бойынша Сенатта қызу пікірталастар болғаны атап өтілді.

Сенат комитеттері мемлекеттік органдармен, кәсіпкерлермен және сарапшылармен бірлесіп, әрбір ұсынылған норма бойынша қарқынды әрі ауқымды жұмыс жүргізді. Бұл процестің барлығы ашық өткен.

Осы жұмыстың нәтижесінде Кодекстегі кейбір нормалардың теріс салдарын азайтып, елдегі бизнес жүргізу жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар ұсыныс пен түзетулер дайындалды.

Сенаторлар Салық кодексінің тұжырымдамалық негізін қолдай отырып, бірқатар баптарға жаңа редакция ұсынды. Атап айтқанда:

  • Фермерлік шаруашылықтар үшін прогрессивті салық салу ұсынылды: 230 000 АЕК-тен асатын табысқа 15% мөлшерлеме енгізіледі;
  • KASE-де бағалы қағаздармен жасалған мәмілелерден дивиденд алатын азаматтарға (АХҚО тәрізді) ЖТС бойынша жеңілдік беріледі;
  • Банктік операциялар қымбаттап кетпеуі және халықаралық есептеулерде іркілістер болмауы үшін төлем карталары бойынша операциялар ҚҚС-тан босатылады;
  • Люкс заттарға (автокөлік, кеме, ұшақ) акциз тек импорт кезінде емес, ел ішінде сатылғанда да алынады. Бұл салықты тек жеке тұлғалар төлейді;
  • Мемлекеттік бағалы қағаздармен операциялардан табыс табатын резидент еместер үшін жеңілдік сақталады. Бұл инвестициялардың кетуіне жол бермеу үшін қажет;
  • Салықтың ауырлайтын нормалары тек 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді деп нақты белгіленді;
  • Камералдық бақылау бойынша хабарламаларға жауап бермеген жағдайда электронды шот-фактураларды уақытша тоқтату тетігі енгізіледі;
  • Құрамында мүгедектігі бар кемінде 10 адам жұмыс істейтін кәсіпорындардың айналымы ҚҚС-тан босатылады;
  • Отандық баспа басылымдары үшін ҚҚС мөлшерлемесі 10% болып бекітіледі;
  • Қоршаған ортаға теріс әсері бар, бірақ тіршілікке қажетті нысандар үшін қолданыстағы экологиялық төлем мөлшерлемелері сақталады;
  • Шаруа қожалықтарына өтеусіз берілген мүлік салық салынатын табыс болып есептелмейді.

Осы және өзге де түзетулермен бірге Салық кодексі мен оған қатысты заң жобасы Мәжіліске қайта жолданды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар