Әлеуметтік желіде Павлодар облысындағы аудандардың бірінің әкіміне қатысты даулы видео тарады. Желіде пайда болған ақпаратта аудан әкімі кесененің ішінде отырыс ұйымдастырғаны айтылады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл дерек egovpress Telegram-арнасында жарияланды.
"Павлодар облысы Шарбақты ауданының әкімі Ғабдул-Уахит Хазірет кесенесінің ішінде өз қарамағындағыларға қызық әрі көңілді отырыс ұйымдастырды. Әкім Сержан Иманқұлов пен оның қызметкерлері бұл туризмді дамыту мәселелері бойынша кеңес болғанына сендіріп отыр.
Шенеуніктер енді кесененің ішінде түскі ас ішетін жағдайға жетіпті", - деп жазды арна.
Өңірдегі Ғабдул Уахит Хазірет кесенесі 2012 жылы бой көтерген. Ол Шарбақты ауданындағы Арбаиген ауылынан 15 шақырым қашықта, "Ертіс орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында орналасқан.
Ғабдыл-Уахит - Хазірет Арбиген ауылының маңына мешіт салып, имам болған кісі. Ол 1926 жылы қайтыс болғаннан кейін қабірі мұсылмандардың қажылық орны саналған. 1953 жылы әулиенің жерленген жеріне кесене салынды. Бірақ өрттерден зиян келіп, 2012 жылы халық ақшасына жаңа кесене салынған.
Кесененің ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, мұнда қажыларға арналған бір қабатты үй бар. Бұл жерге келушілерді шырақшы қарсы алады.
Ал аудан әкімі Сержан Иманқұлов бұл қызметіне былтыр 7 қарашада келген.