Жанжалдан кейін әкім қызметінен кетті

Самал Асқар 21 сәу. 2026 21:07

Ақмола облысы Целиноград ауданындағы Қараөткел ауылының әкімі Бауржан Абзалбеков қызметінен кетті, деп хабарлайды Dala News.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, ол қызметтен өз еркімен кету туралы өтініш жазған. Құжат аумақтық сайлау комиссиясына жолданып, кейін аудан әкімдігіне ұсыныс ретінде түскен. Оның өкілеттік мерзімінің аяқталуына екі жыл қалған еді.

Қазіргі уақытта ауыл әкімі лауазымы бос тұр. Жаңа әкімді сайлау мерзімі әзірге белгісіз.

Еске салайық, 2025 жылдың желтоқсанында Абзалбеков жұмыс уақытынан тыс кезде полиция қызметкерлерімен бірге жергілікті тұрғынның үйіне ескертусіз барған. Бұл тұрғын бұған дейін Мемлекет басшысына шағымданған болатын. Әлеуметтік желіде тараған видеода әкім «мәселені басқа жолмен шешуге болады» деген мазмұнда пікір айтқан. Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Осы оқиғадан кейін оған Әдеп кодексін бұзғаны үшін қатаң сөгіс жарияланған. 2026 жылдың ақпанында қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту алған. Қайталанған жағдайда жұмыстан теріс себептермен босатылуы мүмкін еді.

Нәтижесінде әкім өз еркімен қызметінен кету туралы шешім қабылдады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove