Ұйқыдағы партиялар
Кез келген қоғам үшін партиялар халықтың саяси белсенділігін арттыратын катализатор қызметін атқаруы тиіс. Ал бізде керісінше. Сайлау таяғанда саяси партиялар ұзақ ұйқыларынан оянып, ойда-қырда жүрген серкелерін іздестіріп, кезекті құрылтайын өткізеді. Кейде сайлау қарсаңында ырың-жырың басталып, бірі олай, бірі былай тартып, сайлаушының жүйкесін жүн қылады. Тіпті, кейбір саяси партиялардың аймақтардағы белсенділері Астана мен Алматыда алаңсыз күн кешіп жүрген серкелермен ұстасып, халық алдындағы беделін жоғалтып жататыны да жасырын емес.
Еліміздегі саяси күштердің тек сайлау кезінде ғана төбе көрсетіп, одан кейін қоғам назарынан ұшты-күйлі жоғалуы ақпарат құралдарында талай рет талқыланды. Бірақ ешқандай өзгеріс жоқ. Қазір біздің қоғамда билікшіл саяси партиялардан гөрі халықтың әлеуметтік мәселелері үшін күресіп жүрген қоғамдық ұйымдардың беделі зор.
«Халыққа баспана қалдырайық», «Антигептил», «Жасыл ел», «Аман-саулық» сынды қоғамдық ұйымдар кез келген саяси партиядан кем жұмыс істеп жатыр деп айта алмайсың.
Бүгінде сайлауға қатысып, бағын сынауға ниеттенген саяси ұйымдар Орталық сайлау комиссиясының талабынан өтіп, саяси додаға қатысуы үшін қыруар жұмыс істейді. Осындай қиын «өткелдерден» өткен саяси партиялардың сайлаудан кейін үнсіз қалуы көпшіліктің ренішін туғызуы заңды.
Саяси енжарлық
Бүгінде Қазақстанның саясат сахнасындағы қойылымдарға қатысып жүрген саяси партияларды үш топқа бөліп қарастыруға болады.
Бірінші топқа – саяси додада қара үзіп бірінші келетін «Нұр Отанның» таза өзін жатқызуға болады.
Ал екінші топқа – «Ақ жол», «Бірлік», «Ауыл» және «Қазақстанның халықтық коммунистік» партиясы сынды билікшіл партияларды жатқызар едік.
Үшінші топқа – сайлау сайын жамбасы жер иіскеп, қорғансыздың күнін кешетін Жармахан Тұяқбай басқаратын Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясын жеке-дара жайғасатыны сөзсіз.
Еліміздегі соңғы ондаған жылдардағы саяси ахуалды ой елегінен өткізген адам елде биліктің партиясымен табанды түрде күресе алатын ресми оппозиялық партияның жоқ екенін байқар еді. Бұл ретте Жармаханның ЖСДП-ның сойылын соғып жүрген қауым ренжімей-ақ қойсын.
Бізде таза оппозициялық партияның болмауының бірталай себеп-салдары бар. Оның бәріне тоқталып, түсіндіріп жатуға біраз уақыт қажет. Ақыр айтқан соң, бір-екі себебіне тоқтала кетейік.
Ең бірінші кезекте Қазақстанда таза оппозициялық партияның болуына билік мүдделі емес. Екіншіден, өздерін оппозициялық күштердің белсенділері санайтын топ саяси күрес жүргізуге енжар.
Содан кейін оппозициялық күштер ұлт, тіл мәселесіне келгенде ұдайы пікір қайшылықтарымен бетпе-бет келеді. Бұл енді оппозициялық күштердің ең әлсіз тұсы десек болады.
Айталық, өздерін оппозиционер санайтын Мұхтар Шаханов пен Евгений Жовтистің ұлт, тілге қатысты ой-пікірлері ешқашан сәйкеспеуі мүмкін. Е.Жовтисті былай қойып, Ж.Тұяқбайдың өзіне ұлтқа қатысты мәселені төтесінен қойсақ, иі қанған былғарыдай былқ-сылқ ете қалуы мүмкін. Өз кезегінде мұны биліктің сойылын соғушылар тиімді пайдаланып жүргені белгілі.
Жаңа саяси тренд
Күні кеше ғана атақонысқа ат басын бұрған оралмандардың арасынан шыққан белсенді азаматтар «Нұр Отан» партиясына мүше болып, Мәжіліске өтуге әрекеттеніп көрді. Бірақ «Нұр Отан» партиясы жариялаған тізімнен бірде-бір оралманның аты-жөнін кездестіре алмадық. Білгіштер қандастарымыздың мәселесін өзге депутаттар да көтеріп, жоғарыға жеткізе алатынын айтып, жүздеген мың оралманның кеудесінде жанған үміт отын өшіріп тынды.
Иә, оралманның мәселесін кез келген депутат көтеретінін бәріміз білеміз. Өкінішке қарай, билікті бауырына басқан «Нұр Отан» партиясы оралмандардың елімізде саяси көзқарасы қалыптасқан саяси топ ретінде мойындағысы келмеді. Өз басым оралмандардың депутаттық мандатқа ие болуы маңызды ұлттық мәселе деп қарастырар едім.
Оралмандардың саяси ойыннан сырт қалуынан еліміздегі саяси партиялардың ұлттық мәселеге әлі де болса бей-жай қарайтынын байқағандай болдық.
Бұл ретте сайлаудың мерзімінен бұрын, кезектен тыс өтуі де еліміздегі оралмандардың бір мақсатқа топтасып, үлкен күшке айналғанын қоғамдық ортаға дәлелдеп үлгере алмағанын мойындауымыз керек.
Егер «Нұр Отанның» қатарында әнші-әртістермен бірге бірлі-жарым оралмандар да үміткер ретінде ұсынылғанда билік партиясы қарапайым халықтың сынына ұшырамас еді.
Бір қызығы осы жолғы саяси науқан барысында билікшіл, оппозициялық күштерді айтпаған күннің өзінде өздерін ұлтшыл санайтын топтардың өздері оралмандар атынан үн қатқан азаматтардың ой-пікіріне тиісті деңгейде қолдау көрсете алмағаны бізді таңырқатты. Бұл әрине, Мұхтар Шаханов бастаған топқа үлкен сын болғаны анық.
Сайлау сайын жеңілетін ЖСДП-ның серкесі Ж.Тұяқбай осы оралмандарды қатарға тартып, халық алдында біраз саяси ұпай жинап қалуы керек еді (Өйткені олардың жоғалтатын ештеңесі жоқ еді).
Өкінішке қарай, ұлттық мәселеге келгенде кібіртіктеп қалатын Жәкең бұл жолы да баяғы әдетіне басып, үнсіз қалды. Оралмандарды қатарға тартқан жалғыз ғана «Ауыл» партиясы болды.
Ал өткен сайлауда Алаштың атын жамылып, халыққа өздерін солардың ізбасары ретінде көрсетуге тырысқан «Ақ жолдың» қаншалықты «Алашшыл» екенін осы жолы байқадық. Кез келген оралман депутаттық мандатқа ие болса, Мәжілістің мінбесінде ұлт мәселесін көтеріп, тілдің сойылын соғатыны анық. Сондықтан оралмандардың саяси тұрғыдан белсенділік танытуын ұлттық серпіліс деп бағалауымыз керек.
Алдағы сайлауларда оралмандардың белсенділігі саяси трендке айналатыны сөзсіз. Өйткені бұл – белсенділіктің астарында табиғи даму, расымен де... шегіне жеткен дүние бар екенін байқаймыз. Алдағы уақытта белсенді қандастарымыздың әрекетінен билік пен саяси күштер ой түюі керек.
Ал оралмандар да өздерінің осы жолғы әрекеттерін салмақты түрде байыптап, келесі сайлауларға тас-түйін дайындалғаны абзал. Олар қолдаушылары мен бақталастарын айқындап алуы шарт.
Ал билік болса еліміздегі қандастарымыздың мәселесін зейнеткерлік жасқа жеткен Талғат Мамашевтың көмегімен шешіп тастай алмайтындарын түсінуі тиіс.
Бұл ретте қауымдастықтың басына белсенді қандастарымызды тартып, қоғамдық ұйымның беделін көтеруге күш салса, билік көп ұтатыны анық. Әрине, мұның бәрін байыптайтын билік болса.
Нұрлан ЖҰМАХАН