Астанада «Әділет» партиясының құрылтай съезі басталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Астанада жаңа саяси ұйым – Әділет партиясының құрылтай съезі өз жұмысын бастады. Жиынға Қазақстанның барлық өңірінен келген мыңға жуық делегат қатысып жатыр.
Съезд аясында партияның Жарғысы мен бағдарламасын бекіту, сондай-ақ жетекші органдарын айқындау жоспарланған. Осылайша, партия Қазақстан заңнамасына сәйкес ресми қызметін бастауға қажетті негізгі рәсімдерді өткізуде.

Әділет өзін жаңа конституциялық құндылықтарға негізделген саяси ұйым ретінде таныстырды. Партияның негізгі ұстанымдары ретінде әділдік, отаншылдық, жауапкершілік, еңбекқорлық және даму аталды.
Партия бағдарламасында «Заң мен тәртіп» қағидаты әділетті қоғамның басты негізі екені айтылған. Сондай-ақ ұйым Қазақстанда кез келген адал еңбек әділ әрі лайықты бағалануы тиіс деп есептейді.
Бағдарламада денсаулық сақтау, білім, ғылым, мәдениет және креативті индустрияларды дамытуға ерекше назар аударылған. Партия медицина саласында есеп үшін емес, адам денсаулығына бағытталған модель қалыптастыру қажет екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар, Әділет өңірлердің теңгерімді дамуын қолдап, әр аймаққа орталық тарапынан әділ көңіл бөлінуі керек деген ұстанымды алға тартуда.
Халықаралық саясатта партия Қазақстанды жаһандық қайшылықтарды тең ұстай алатын жауапты орта держава ретінде нығайтуды көздейді.

Партия саяси жауапкершіліктің жаңа стандартын енгізуді ұсынып отыр. Атап айтқанда, әрбір партия сайлаушылар алдында бағдарламасындағы әр тармақ пен уәде бойынша тұрақты түрде жария есеп беріп отыруы тиіс деп санайды.
Сондай-ақ партия мүшелігіне өтінім беру мен қоғамдық бастамаларды ұсынуға арналған цифрлық платформасын іске қосқаны хабарланды.
Еске салсақ, 15 сәуірде бастамашыл топ жаңа партия құру туралы мәлімдеген болатын. Ал 16 сәуірде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі тиісті хабарламаны қабылдағанын растаған.
Партия өкілдерінің мәліметінше, қазіргі таңда ұйым құрамында 9812 мүше бар. Осылайша, заңда көрсетілген кемінде 5000 мүшеден тұратын талап орындалған.