1961 жылдың 12 сәуірі адамзат тарихындағы ең маңызды күндердің бірі болып қалды. Дәл осы күні Юрий Гагарин алғаш рет ғарышқа ұшып, бүкіл әлемге танылды. Бұл оқиға ғарыш дәуірінің басталуына жол ашты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мәліметтерге сәйкес, ұшу бастапқыда жоспарға сай өткен. Алайда 67-минутта тежеу жүйесі іске қосылған кезде техникалық ақау байқалған. Жүйе қажетті деңгейде қуат бермей, есептелген көрсеткіштен төмен болған.
Соның салдарынан ғарыш кемесі жеткілікті түрде баяуламай, бағыты өзгерген. Атмосфераның тығыз қабатына енген кезде "Восток" кемесі бақылаусыз айнала бастаған.
Сол сәтте Гагарин қатты жүктемені сезініп, кеменің сыртқы бөлігінің жанып жатқанын көрген. Ол эфир арқылы:
"Мен жанып барамын, қош болыңдар, жолдастар", – деген хабар жіберген.
Кейін бұл құбылыс атмосфераға ену кезінде болатын қалыпты процесс екені анықталған.
Мәліметтерде Гагариннің жерге катапульт арқылы сәтті қонғаны айтылады. Дегенмен ұшу барысында 11 түрлі төтенше жағдай тіркелген.
Ғарышкердің аман-есен оралуы мүмкін болмай қалса немесе ол басқа ел аумағына түсіп қалса деген қауіп те қарастырылған. Сол себепті арнайы жоспарлар дайындалып, халықаралық деңгейде әрекет ету тетіктері ойластырылған.
Сол кезеңде кеңестік тарап алдын ала үш құпия конверт әзірлеген:
- Бірінші конверт – Гагариннің сапары сәтті аяқталған жағдайда жарияланатын құттықтау мәтіні
- Екінші конверт – егер ғарышкер қаза тапса, қайғылы хабар мен аза тұту туралы мәлімдеме
- Үшінші конверт – егер ол басқа мемлекет аумағына қонса, халықаралық көмек сұрау туралы үндеу
Бақытына қарай, тек бірінші конвертті ашуға тура келді. Гагарин аман-есен жерге оралып, адамзат тарихындағы алғашқы ғарышкер ретінде әлемге танылды.