Щучинскідегі жарылыстан кейін «Центр плова» иесінің қамауы ұзартылды

Щучинскідегі жарылыстан кейін «Центр плова» иесінің қамауы ұзартылды
ScreenShot

Щучинск қаласындағы «Центр плова» кафесіндегі жарылыстан кейін ұсталған кәсіпкердің қамау мерзімі тағы бір айға ұзартылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ақмола облысы прокуратурасының мәліметінше, кафе иесі өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына жауапты тұлға ретінде күдікке ілінген. Бұған дейін сот оны екі айға қамауға алған болатын.

Тергеу барысында қылмыстық іс бойынша тағы екі күдікті ұсталды. Олар – автогаз құю станциясының директоры мен газ баллондарын жеткізуші.

Тергеу нұсқасы бойынша, күдіктілер газ баллондарын толтыру және тасымалдау кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзған болуы мүмкін.

Олардың әрекеті Қылмыстық кодекстің 306-бабы 3-бөлігі бойынша, яғни «тұтынушылардың өмірі мен денсаулығына қауіпсіз емес қызмет көрсету, абайсызда екі және одан да көп адамның денсаулығына зиян келтіру және адам өліміне әкелу» бабы бойынша сараланған.

Аталған бап бойынша сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сот шешімімен күдіктілердің бірі қамауға алынса, екіншісі үйқамаққа жіберілген.

Сонымен қатар іс Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігі, яғни «өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу салдарынан екі және одан да көп адамның өліміне әкелу» бабы бойынша да тергеліп жатыр.

Бұл бап бойынша бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.