АҚШ президенті Дональд Трамп Иран жақын арада Ормуз бұғазын ашуы тиіс екенін, кері жағдайда америкалық әскерилер елге «өте күшті соққы» жасайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
«Бұғаз өте жақын арада ашылады. Әйтпесе олар өте ауыр соққыға ұшырайды, содан кейін бұғаз бәрібір ашылады», – деді Трамп Fox News телеарнасына берген сұхбатында.
Оның мәлімдемесі АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс аясында айтылды. Трамптың сөзінше, Ормуз бұғазының ашылуы өңірдегі жағдайды тұрақтандыру үшін маңызды шарттардың бірі болып отыр.
Axios басылымының мәліметінше, Иран мен Оман Ормуз бұғазын пайдалану тәртібі жөніндегі уақытша келісім туралы 5 тамыз, сәрсенбі күні жариялауы мүмкін. АҚШ-тың ресми өкілі мен өңірлік дереккөздің мәліметінше, Иран билігі сейсенбі күні келісімді мақұлдау рәсімін аяқтаған.
Дереккөздердің айтуынша, талқыланып жатқан құжат Ормуз бұғазы бойынша Иран мен Оман арасында 60 күнге есептелген уақытша келісімді көздейді. Қажет болған жағдайда оның мерзімін ұзарту мүмкіндігі қарастырылған. Келісім жобасына сәйкес, Ормуз бұғазы мен Парсы шығанағына кіретін барлық кемелер Иранның аумақтық сулары арқылы өтетін солтүстік бағытпен қозғалады. Ал бұғаз арқылы Араб теңізіне шығатын кемелер Иранмен үйлестіріле отырып, Оман сулары арқылы өтетін оңтүстік бағытты пайдаланады.
Сондай-ақ алғашқы 60 күн ішінде кемелерден ешқандай алым алынбайды. Осы кезеңде тараптар бұғаздың орталық бөлігіндегі миналарды тазарту жұмыстарын жүргізіп, оны 30 күн ішінде аяқтауды жоспарлап отыр.