Қазақ неге – қорқып, секемдене береді?
Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл өтсе де сол жаман әдеттен арыла алмай келеміз. Қазір қазақтың қорқатын, секемденіп қарайтын дүниесі де көбейіп кетті.
Тоқсаныншы жылдары ғаламдану үрдісінен қорықтық. Оны айтасыз, Жан-Клод ван Дамм мен Арнольд Шварценеггер фильмдері жастарды бұзақылыққа баулып жатыр деп ақын-жазушыларымыз газеттерге көлдей-көлдей мақала жазып, жұрттың зәресін алғаны есіңізде шығар?
Бірақ бүкіл әлемнің жастары сол фильмдерді көрген соң, «бұзылып», бұзақлық жолға түсіп кетпеді.
Бүгінде қазақтың қорқынышын туғызатын дүниелердің қатарына Қытай мен АЭС қосылды.
Әлеуметтік желідегі болмашы дүниені себеп қылып, аты-жөні жоқ қорқатын күйге түстік. Бұл енді жақсылықтың нышаны емес. Ел боламыз десек орынсыз фобиядан арылуымыз керек.
Күні кеше ғана Қытайдың Сиань қаласында өткен «Орталық Азия – Қытай» форуынан кейін кейбір азаматтардың бойында фобиясы бас көтеріп, әлеуметтік желіде орынсыз әңгімелер тағы да айтыла бастағанына куә болдық.
Қазақ пен қытай бес мың жылдан бері көрші
Дәл осы мәселеге қатысты ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі «Сұрауы бар» каналына сұхбат беріп, қоғамдағы Қытайға қатысты үрей мен қорқыныштың орынсыз екенін айтып, жан-жақты түсіндіріп беріпті.
Сонымен қатар Дархан Қуандықұлы ел ішінде Қытайға қатысты таралып жатқан фейк ақпараттардың тоқтатудың жалғыз жолы – шынайы ақпаратты көбірек тартып, тосқауыл қоюға болатынын айтыпты. Министрмен ойымен толықтай келісеміз. Бұдан басқа амалын бізде көрмей тұрмыз
– Фейк ақпараттың алдын алу үшін біздер шынай ақпаратты көбірек тартуымыз керек. Сол кезде ғана жалған ақпаратқа тосқауыл қойылады. Қазіргі таңда Қазақстан мен Қытайдың арасындағы байланысқа қатысты шындыққа мүлде жанаспайтын ақпараттар таралып, жұртты екіұдай күйге салуда.
Егер қазақ пен қытайдың арасындағы байланысқа тарихи тұрғыдан қарасақ, екі ел арасындағы байланыстың бес мың жылдық тарихы бар екенін байқаймыз. Өкінішке орай, бұған кейбір адамдар мән бермейді.
Қазақ пен қытай бес мың жылдан бері қатар өмір сүріп келеді. Иә, осы аралықта түрлі жағдайлар орын алды. Соғыс та болады. Екі ел қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған доспейіл кезеңді де бастан өткергенін білеміз. Қазақ хандығы құрылғалы бері қазақ пен қытайдың арасында анау айтқандай үлкен соғыс болған емес.
Сонау көне заманда Жібек жолы арқылы Қытайдан шыққан керуендер қазақтың кең сахарасын көктей өтіп, Батысқа түрлі тауарлар тасыды. Осы Жібек жолының арқасында Қазақ хандығы күшейіп, экономикалық тұрғыдан қуатты елге айналғанын неге ұмытамыз?
Сол кезде «Қытаймен арадағы қарым-қатынас еліміздің қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді» деп хан-батырларымыз керуендерді өткізбей, шекараны тас бікетіп тастаған жоқ қой. Қайта олар қазақ жері арқылы Жібек жолының өтуі экономикалық тұрғыдан пайдалы екенін түсініп, әр уақытта Қытаймен тату-көршілік жағдайды сақтауға тырысты.
Сол кезде ата-балаларымыз Жібек жолы мемлекетке тек қана экономикалық игіліктен басқа, өркениеттерді бір-бірімен араласып, тұтас әлемнің дамуына драйвер болатынын түсінді. Үлкен масштабта ой қорытындылады. Демек, біздер де ата-балаларымыз секілді кеңінен ойлануымыз керек.
Тарихқа көз салсақ, Жібек жолы тоқтағаннан кейін жол бойындағы елдердің әлсірей бастағанын байқауға болады. Өйткені, экономикалық байланыстар үзіліп, халықтың әл-ауқаты күрт төмендеді. Керек десеңіз, Алтын орданың тарих сахнасынан жоғалауына Жібек жолының тоқтап, экономикалық құлдырау әсер еткені жасырын емес.
Бүгінде сол экономикалық байланыс қайтадан жанданбақшы. Бұл – үрдістен Қазақстан сырт қалмайтыны анық. Мұны кез келген азамат түсінуі керек.
Біздер мақтанышпен еске алатын, түркілердің талай қағандарына кеңесші болған Тоныкөктің өзі Жібек жолы бастау алатын Сиань қаласында білім алғанын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін.
Жалпы, Қытайдың қуатты мемлекет болып қалыптасуына түркілердің ықпалы зор болды. Осыдан қарап-ақ қытай мен түркілер бір-бірі жатсынбай тату-көршілік жағдайда ғұмыр кешкенін аңғарамыз. Қытайдағы көне құжаттарға көз салған адам қазақ пен қытайдың арасындағы байланыс тым тереңде жатқанын бірден байқайды.
Сондықтан Қазақстан мен Қытай арасындағы байланысқа қатысты күдікке беріліп, байбалам салуға әсте болмайды. Қандай жағдай болса да қытай қазаққа қатысты достық пейілін сақтап келді.
Айталық, Абылайханның заманында қазақ әскері жоңғарлардан ойсырай жеңілгенде ата-бабаларымыз «қытайға жұтылып кетеміз» деп күмән-күдікке берілмей, қытайдың тату-көршілік қарым-қатынасты сақтайтына сенімді болған ғой.
Күні кеше ғана өткен Сианьдағы басқосуға Қазақстан жалғыз өзі барған жоқ. Басқосу «5-1» форматында өтті. Дәл осы форматтағы кездесулер ЕуроОдақ, Ресей және АҚШ-пен де өтіп тұрады.
Сондықтан бұл басқосуға күдікпен қарап, шындыққа жанаспайтын әңгімелерді көпіртіп айту орынсыз деп білемін, – дейді Дархан Қуандықұлы.
Рас, қазір Қытай әлемдік саясатты орыны бар, әрбір ісіне жауапкершілікпен қарайтын мемлекетке айналды. Сондықтан Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың жандануынан шошудың қажеті жоқ.
Нұрлан ЖҰМАХАН