Шымкентте уақытша ұстау изоляторына қамалған 23 жастағы қыз көз жұмды

Шымкентте уақытша ұстау изоляторына қамалған 23 жастағы қыз көз жұмды
ЖИ: Dalanews.kz

Шымкентте уақытша ұстау изоляторына қамалған 23 жастағы қыз ауруханада қайтыс болды. Қазір оның өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мәліметтерге сүйенсек, бойжеткен танысының үйіне барған. Ол жерде алкоголь ішкен жастар отырған. Қыздың айтуынша, жігіттердің бірі оған тиісіп, еркінен тыс жақын қатынасқа көндірмек болған.

Осыдан кейін қыз сыртқа жүгіріп шығып, құрбыларына геолокация жіберіп, полиция шақыруды сұраған.

Кейін үй маңында ер адамдар арасында жанжал шыққан. Қыз оны видеоға түсіріп тұрған. Кадрларда жанжалға қатысушылардың бірінің қолында пышақ болғаны айтылып отыр.

Полиция келгеннен кейін үйден пышақ жарақатын алған кәмелетке толмаған жасөспірім табылған. Осыдан соң бойжеткен денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірді деген күдікпен ұсталған.

Шымкент қалалық полиция департаменті қыз бен жасөспірім арасында сөзге келу болғанын хабарлады. Соның барысында жасөспірім пышақ жарақатын алған. Полицияның мәліметінше, қыз оқиға кезінде мас күйде болған.

Сот оны екі айға қамауға санкция берген. 15 мамырға қараған түні бойжеткен камералас әйелдерге өзін нашар сезініп тұрғанын айтқан. Осыдан кейін ол шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген. Алайда бірнеше сағаттан соң қайтыс болған. Алдын ала мәлімет бойынша, өлім себебі – дәрілік препараттан улану.

Қыздың өліміне, сондай-ақ уақытша ұстау изоляторындағы ұстау жағдайының талапқа сай болмауына байланысты қылмыстық істер қозғалды.

Тергеу барысы полиция басшылығының бақылауына алынған.