БАӘ-дегі АЭС-ке шабуылдан кейін мұнай бағасы қайта қымбаттады

БАӘ-дегі АЭС-ке шабуылдан кейін мұнай бағасы қайта қымбаттады
ЖИ: Dalanews.kz

Біріккен Араб Әмірліктеріндегі «Барака» атом электр станциясына жасалған дрон шабуылынан кейін әлемдік мұнай бағасы екі апталық максимумға жетті, деп хабарлайды dalanews.kz.

ice.com сайтының дерегінше, Астана уақытымен таңғы 7:32-дегі саудада Brent маркалы мұнай фьючерстерінің бағасы барреліне 111,28 долларға жеткен. Ал West Texas Intermediate (WTI) мұнайы 107,26 доллардан саудаланған.

Сарапшылар мұнай бағасының қайта көтерілуін АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің тығырыққа тірелуімен байланыстырып отыр.

АЭС аумағында өрт шыққан

Еске салсақ, БАӘ-дегі «Барака» атом электр станциясына дронмен жасалған шабуылдан кейін өрт шыққан. Бұл туралы жексенбі күні елдің ресми органдары хабарлады.

Өрт Аль-Дафра аймағындағы АЭС-тің ішкі периметрінен тыс орналасқан электр генераторында болған. Абу-Даби эмиратының арнайы қызметтері оқиға орнына жедел әрекет еткен.

Әзірге қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. БАӘ-нің Ядролық реттеу жөніндегі федералдық басқармасы өрт станция қауіпсіздігіне және негізгі жүйелердің жұмысына әсер етпегенін мәлімдеді.

МАГАТЭ мәлімдеме жасады

Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) БАӘ билігіне сілтеме жасап, «Барака» АЭС-індегі радиация деңгейі қалыпты жағдайда екенін хабарлады.

Ведомство жағдайды жіті бақылап отырғанын және қажет болған жағдайда көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.

МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси оқиғаға байланысты «алаңдаушылық» білдіріп, ядролық қауіпсіздікке қауіп төндіретін әскери әрекеттерге жол беруге болмайтынын айтты.

БАӘ жауап беруге дайын екенін мәлімдеді

БАӘ билігі шабуылдың қайдан жасалғанын анықтап жатқанын хабарлады. Сонымен қатар ел мұндай «террористік шабуылдарға» жауап қайтаруға толық құқылы екенін мәлімдеді.

Ал БАӘ президентінің дипломатиялық кеңесшісі бұл жағдайды Таяу Шығыстағы қауіпті шиеленістің жаңа кезеңі деп бағалады.