Назарбаевтың бұрынғы серіктері кейін қалайша құдаға айналды?

Назарбаевтың бұрынғы серіктері кейін қалайша құдаға айналды?
elbasy.kz. Суретте: Нұрсұлтан Назарбаев

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы саяси серіктерімен кейін туыстық байланыстар арқылы да жақындасқаны туралы журналист Асылхан Мамашұлының "Жон арқадан ұрылған пышақ. Қилы кезең" атты деректі фильмінде айтылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Фильмде 1980 жылдардағы Қазақ КСР билігі, Дінмұхамед Қонаев пен Нұрсұлтан Назарбаев арасындағы саяси сабақтастық, сондай-ақ кейін тәуелсіз Қазақстан кезеңінде ықпалды топтардың қалыптасуы сөз болады.

Автордың айтуынша, Дінмұхамед Қонаевтың қолдауымен Нұрсұлтан Назарбаев 1984 жылы Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындалған. Бұл қызмет оның ұзақ жылдарға созылған саяси жолындағы маңызды кезеңдердің бірі ретінде сипатталады.

Сол уақытта Назарбаев басқарған Министрлер кеңесінің құрамында Мұхтар Әлиев денсаулық сақтау министрі қызметін атқарды. Қанат Саудабаев Қазақ КСР Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитетін басқарды. Ал Асқар Құлыбаев Жоғарғы совет президиумының мүшесі болған.

Деректі фильмде осы тұлғалардың кейбірі кейін Назарбаев әулетімен құдандалы болып, тәуелсіздік жылдарында да ықпалды ортада қалғаны айтылады. Атап айтқанда, Мұхтар Әлиевтің ұлы Рахат Әлиев Дариға Назарбаеваға үйленген. Ал Асқар Құлыбаевтың ұлы Тимур Құлыбаев Динара Назарбаевамен шаңырақ көтерген.

Қанат Саудабаев та тәуелсіз Қазақстанда жоғары мемлекеттік қызметтер атқарды. Ол 1994 жылы сыртқы істер министрі болып тағайындалып, кейін Қазақстанның Түркиядағы және Ұлыбританиядағы елшісі болды. 1999 жылы елге оралып, премьер-министрдің кеңесшісі, кейін мемлекеттік хатшы қызметін атқарды.

"Жон арқадан ұрылған пышақ" фильмінде 1985-1995 жылдар аралығындағы Қазақстандағы саяси оқиғалар, Қонаев пен Назарбаев арасындағы қарым-қатынас және билік ішіндегі өзгерістер кеңінен талданады.