Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мектепте орамал тағуға мүмкіндік берген жекеменшік білім беру ұйымдарын лицензиядан айыру сияқты қатаң шараларды қолдануды құптамайды, деп хабарлайды dalanews.kz.
ҚМДБ соңғы күндері қоғамда мектеп оқушыларының орамал тағуына қатысты мәселе қайта көтерілгенін атап өтті. Бұған бұқаралық ақпарат құралдарында мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтамаған, оның ішінде оқушы қыздарға орамал тағуға рұқсат берген жекеменшік білім беру ұйымдары лицензиясынан айырылуы мүмкін екені туралы ақпараттың таралуы себеп болған.
Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өз ұстанымын білдірді.
Ислам шариғаты бойынша балиғат жасына жеткен мұсылман қыздың орамал тағуы – парыз. ҚМДБ бұл мәселеге қатысты діни ұстанымының өзгермегенін және осыған дейін де өз позициясын бірнеше рет ашық білдіргенін айтты.
Басқарма мектеп жасындағы қыздардың білім алуына кедергі келтірмей, діни міндетін орындауына мүмкіндік беретін оңтайлы шешім қабылдау жөнінде тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныстар жолдаған.
ҚМДБ-ның пікірінше, мектеп формасының жалпы үлгісі мен түсіне сәйкес келетін орамал тағуға мүмкіндік беру мәселесін қарастыруға болады.
Сонымен қатар діни басқарма балиғат жасына жеткен мұсылман қыздардың мектеп формасына үйлеспейтін орамал тағуына мүмкіндік беруді қолдамайды.
«Біздің пайымымызша, оқушының орамал тағуы оның білім алуына кедергі болмауы тиіс. Сол секілді білім беру ұйымдарының мұсылман қыздардың діни ұстанымына түсіністік танытуы мектепті лицензиядан айыруға негіз болатын мәселеге айналмағаны жөн. Осы себепті ҚМДБ орамал тағуға мүмкіндік берген жекеменшік мектептерді лицензиядан айыру секілді қатаң шараларды қолдануды құптамайды», – делінген басқарма хабарламасында.
ҚМДБ зайырлылық ұғымы дінді жоққа шығару немесе азаматтың діни сенімін шектеу деген сөз емес екенін атап өтті. Зайырлы мемлекетте дін мемлекеттен бөлінгенімен, азаматтардың ар-ождан бостандығына құрметпен қарау қағидаты сақталады.
Басқарма Қазақстан заңнамасында да заңды діни қызметке кедергі келтіруге және адамның дінге көзқарасына байланысты азаматтық құқықтарының бұзылуына жол берілмейтіні көрсетілгенін еске салды.
ҚМДБ орамал мәселесі қоғамда бірнеше жылдан бері талқыланып келе жатқанын атап өтті. Оны тек тыйым салу және әкімшілік шаралар арқылы шешу қоғамдағы түсініспеушілікті одан әрі тереңдетуі мүмкін.
Сондықтан діни басқарма Оқу-ағарту министрлігіне және басқа да уәкілетті мемлекеттік органдарға мектеп формасының талаптарын сақтай отырып, балиғат жасына жеткен мұсылман қыздарға орамал тағуға мүмкіндік беретін нақты құқықтық тетік қарастыруды ұсынды.
«Біз үшін балаларымыздың әрі білімді, әрі тәрбиелі, әрі өз сеніміне құрметпен қарайтын азамат болып қалыптасуы маңызды», – деп атап өтті ҚМДБ.
Басқарма аталған мәселені мемлекеттік органдар, дін өкілдері, ата-аналар және сарапшылардың қатысуымен сындарлы диалог арқылы шешуге дайын екенін мәлімдеді.