Жекеменшік мектептерде оқушылардың хиджаб киюіне рұқсат беруге жол берілмейді, мұндай талапты бұзған білім беру ұйымы лицензиясынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкіметтегі брифингте айтты.
Министрдің сөзінше, Қазақстандағы барлық мектептер, оның ішінде жекеменшік білім беру ұйымдары да бірыңғай мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауы тиіс. Сонымен қатар білім беру жүйесінде зайырлылық қағидаты қатаң сақталуы қажет.
Сүлейменова былтыр жекеменшік мектептерде оқушылардың діни киім киюіне қатысты жағдайлар болғанын айтты. Алайда биылғы оқу жылында мұндай заңбұзушылық тіркелмеген.
«Біз бұл мәселемен жұмыс істеп жатырмыз, бізбен бірге Ұлттық қауіпсіздік комитеті де бар. Сонымен бірге әкімдіктермен, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс істейтін үлкен комиссия бар», – деді министр.
Оның айтуынша, жекеменшік мектеп оқушыларға хиджаб киюге рұқсат берген жағдайда, білім беру ұйымының лицензиясынан айырылуы мүмкін.
Бұл ретте мәселе тек жекеменшік мектептерге ғана қатысты емес. Қазақстанда орта білім беру ұйымдары үшін мектеп формасына қойылатын талаптар белгіленген. Бұған дейінгі ресми түсіндірмелерде де жекеменшік мектептер мемлекеттік білім беру талаптарын сақтауға міндетті екені айтылған.