Таразда медицина қызметкері соққыдан көз жұмды

Таразда медицина қызметкері соққыдан көз жұмды
pixabay.com

Жамбыл облысында медицина қызметкерінің өліміне қатысты адам ұрлау және өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Туысының айтуынша, марқұм ауруханада жұмыс істеген. Оған бұрын пациенттерінің бірінің бұрынғы күйеуі бірнеше рет телефон шалып, балағаттап, кездесуге шақырған.

Кездесуге барған кезде оған бірнеше адам шабуыл жасап, ұрып-соғып, көліктің жүксалғышына салып әкеткен. Кейін ер адамды Аса өзенінің маңына апарып, тағы да соққыға жыққан. 

Одан кейін ер адамды өзінің көлігіне отырғызып, ауруханаға жеткізген. Оны көшеден тауып алғандарын айтқан. Алайда медицина қызметкері алған жарақатынан есін жимастан көз жұмған. 

Полиция аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады. Оқиғаның нақты мән-жайы мен оған қатысы бар адамдардың әрекетіне тергеу нәтижесінде құқықтық баға берілмек.