Қазақстандық студенттердің Лос-Анджелестегі жағдайына қатысты СІМ байланыс орнатты

Қазақстандық студенттердің Лос-Анджелестегі жағдайына қатысты СІМ байланыс орнатты
pixabay.com

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Лос-Анджелеске барған қазақстандық студенттердің сапарын ұйымдастырушылармен байланыс орнатты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Министрліктің мәліметінше, қазақстандықтардың басым бөлігі елге ұшып кеткен немесе қайтар жолда. Кейбір студенттер кері рейсіне дейін Лос-Анджелесте қалуы мүмкін.

«Қолда бар мәлімет бойынша, азаматтарымыздың басым бөлігі Қазақстанға ұшып кетті немесе жолда келе жатыр. Сапарға қатысушылардың кейбірі кері рейсіне дейін Лос-Анджелесте қалуы мүмкін. Әуе билеттерін азаматтардың өздері сатып алған және қайту бағыттары әртүрлі болғандықтан, қазіргі уақытта барлық қатысушының АҚШ-тан кеткенін растау мүмкін емес», – делінген министрлік хабарламасында.

Қазақстанның Сан-Францискодағы Бас консулдығы жағдайды бақылауда ұстап отыр. Қажет болған жағдайда азаматтарға консулдық көмек көрсетуге дайын.

СІМ қазіргі уақытта қазақстандық азаматтардан дипломатиялық өкілдіктерге ешқандай өтініш түспегенін хабарлады.

Бұған дейін J-1 визасы бар қазақстандық студенттердің АҚШ бойынша сапары бесінші күні тоқтатылғаны белгілі болған. Соның салдарынан 200 студент қонақ үй мен трансферсіз қалған.