БАӘ банкі Қазақстандағы жобаларды қаржыландыру көлемін 7,5 трлн теңгеге дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Abu Dhabi Commercial Bank Kazakhstan директорлар кеңесінің төрағасы Фарух Әл Марзуки Премьер-министр Олжас Бектеновпен кездесуде банк Қазақстандағы жобаларды қаржыландыру көлемін алдағы бір жарым жыл ішінде 7,5 трлн теңгеге дейін жеткізуді көздеп отырғанын мәлімдеді.
Қазіргі уақытта қаржы институты қазақстандық жобаларды қаржыландыруға 2,5 трлн теңге бағыттап отыр. Жоспар бойынша бұл көрсеткіш үш есеге ұлғаяды.
Соңғы 15 жылда ADCB Kazakhstan елдегі 100-ден астам бизнес-бастамаға қаржылық қолдау көрсеткен. Оның шамамен 90 пайызы шағын және орта бизнес саласына тиесілі.
Банктің басым бағыттарының қатарында энергетика, көлік және логистика, мұнай-химия өнеркәсібі, цифрлық инфрақұрылым және экономиканың нақты секторын дамыту жобалары бар.