Шымкенттегі Тұран ауданының санэпидбақылау басшысына қатысты тергеу басталды

Шымкенттегі Тұран ауданының санэпидбақылау басшысына қатысты тергеу басталды
gov.kz

Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Шымкент қаласындағы Тұран ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Мұрат Бейсенбаевқа қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын растады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұған дейін Kozachkov offside Telegram-арнасы 1 қыркүйекте Мұрат Бейсенбаевтың пара алды деген күдікке ілінгенін хабарлаған. Арна мәліметінше, кәсіпкерлерден алынған ақша бағынысты қызметкерлер арқылы беріліп, оның орнына оң қорытындылар рәсімделуі мүмкін болған.

NUR.KZ агенттігінің сауалына жауап берген ҰҚК аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатқанын растады. Алайда ведомство Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сілтеме жасап, істің өзге мән-жайларын жария етуден бас тартқан.

Айта кетейік, Мұрат Бейсенбаев Тұран ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасын 2023 жылдың 24 мамырынан бері басқарып келеді.