Қазақстан криптоактивтерді «көлеңкеден» шығаруды жоспарлап отыр

Қазақстан криптоактивтерді «көлеңкеден» шығаруды жоспарлап отыр
pixabay.com

Қазақстанда цифрлық активтерін лицензияланбаған платформаларда ұстайтын азаматтарға салықтық рақымшылық жасау ұсынылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ұсынысқа сәйкес, салық төлеуші 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін цифрлық активтерін лицензияланбаған платформалардан цифрлық активтер қызметтерін көрсетушілердің лицензияланған платформаларына толық аударған жағдайда, цифрлық активтермен жасалған операцияларға байланысты жеке тұлғаның жеке шотында есепте тұрған берешек салықтық берешек болып танылмайды.

Сондай-ақ осы берешекке есептелген өсімпұл мен салық салу саласындағы құқық бұзушылықтар үшін салынған айыппұлды есептен шығару ұсынылып отыр. Бұл нормалар 2026 жылғы 1 қаңтардан 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңдегі цифрлық активтер операцияларынан түскен кірістерге қатысты болады.

Заң жобасын әзірлеушілердің айтуынша, Қазақстанда ел аумағында лицензияланбаған жаһандық криптоплатформаларда алынған цифрлық активтерге салық салудың ашық механизмі жоқ.

Олардың пікірінше, мұндай платформаларды пайдаланушылар салықтық жүктемеден және қаражаттың шығу тегін растау қажеттілігінен қауіптеніп, активтерін лицензияланған биржаларға аударуға асықпайды. Бұл цифрлық активтер айналымының шамамен 47%-ының «көлеңкелі» секторда қалуына әкеліп отыр.

«Ұсынылып отырған шаралар цифрлық активтердің едәуір бөлігін көлеңкеден шығарып, заңды айналымға енгізуге, лицензияланған платформаларға өтімділік тартуға және капиталдың сыртқа кетуіне жол бермеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ұзақ мерзімді инвестициялар үшін болжамды салықтық орта қалыптасады», – деп түсіндірді әзірлеушілер.