Орал қаласында белгілі журналист әрі қоғам белсендісі Лұқпан Ахмедияров ұсталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ахмедияровтың айтуынша, өзі жұбайымен бірге келе жатқан көлікті полиция қызметкерлері құжаттарды тексеру үшін тоқтатқан. Тексеру барысында журналистің сөзінше, оның Ресейдің сұрауы бойынша халықаралық іздеуде жүргені анықталған.
Лұқпан Ахмедияров Ресей Ішкі істер министрлігі өзіне қатысты қылмыстық істі 2025 жылдың 25 желтоқсанында қозғағанын айтты. Алайда іс нақты қай бап бойынша тіркелгені әзірге оған белгісіз.
Ал Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, патрульдік полиция қызметкерлері Volkswagen автокөлігін тоқтатып, тексеру кезінде міндетті сақтандыру полисінің жоқ екенін анықтаған. Осыған байланысты журналист әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сондай-ақ полиция өкілдері жүргізушінің сыртқы келбеті күдік тудырғанын айтып, оны медициналық куәландырудан өткізу үшін арнайы мекемеге жібергендерін мәлімдеді.
БАҚ мәліметінше, қазіргі уақытта Лұқпан Ахмедияров адвокаттарымен бірге полиция бөлімінде отыр. Оның ісіне қатысты қосымша ақпарат әзірге жарияланған жоқ.