ОПЕК+ елдері сәуірден бастап мұнай өндірісін біртіндеп ұлғайта бастайтын болды

Кәмшат Тілеухан 04 нау. 2025 13:00 255

ОПЕК + елдері әлемдік шикізат нарығындағы жағдайды онлайн-форматта талқылады. Келіссөздер қорытындысы бойынша олар 1 сәуірден бастап мұнай өндірісін біртіндеп ұлғайта бастайтындарын растады. Олар бұл мәселені өткен жылдың желтоқсанында өзара келіскен, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тәулігіне игерілетін орташа көлем 2,2 млн баррельді құрайды.

"Тиісінше, өндіріс көлемін біртіндеп өсіру шарасы нарық жағдайына байланысты тоқтатылуы немесе жойылуы мүмкін. Мұндай икемділік топ үшін мұнай нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", делінген баспасөз хабарламасында.

Сондай-ақ, ОПЕК+ мүшелері 2024 жылдың қаңтарынан бастап артық өндірілген мұнай өнімдерінің кез келген көлемін өтеуге келісті. Бұл міндеттемені 2026 жылдың маусымына дейін толықтай атқару қажет.

Бұған дейін кейбір салалық БАҚ өз дереккөздеріне сілтеме жасай отырып, ОПЕК+ сәуір айына жоспарланған мұнай өндірісі бойынша шешімді тағы кейінге қалдыру мүмкіндігін қарастырып жатқанын жазған болатын.

Сонымен қатар ОПЕК 2025 жылдың сәуірінен 2026 жылдың қыркүйегіне дейін өндірісті ерікті түрде қысқартушы сегіз елдің мұнай өндіріс көлемін сипаттайтын кестені ұсынды.

  • Ресей үшін 2025 жылдың сәуірінен бастап тәулігіне 9,004 миллион баррель өндіру жоспарланған, ал бұл көлем 2026 жылдың қыркүйегіне дейін біртіндеп 9,449 миллион баррельге дейін өседі.
  • Сауд Арабиясының өндірісі 2026 жылы тәулігіне 9,034 миллион баррельден 9,978 миллионға дейін өседі.
  • БАӘ бір жыл ішінде өндірісін 2,938 миллионнан 3,375 миллионға дейін,
  • Ирак 4,012 миллионнан 4,22 миллионға дейін,
  • Кувейт 2,421 миллионнан 2,548 миллионға дейін,
  • Қазақстан 1,473 миллионнан 1,55 миллионға дейін,
  • Алжир 911 мыңнан 959 мыңға дейін,
  • Оман 761 мыңнан 801 мың баррельге дейін ұлғайтпақ.

ОПЕК + келісімі шеңберінде өз қатысушылары үшін мұнай өндіру бойынша квоталар белгілейді. Өткен жылы квотаға қатыспаған Иран, Венесуэла және Ливияны есептемегенде, өндірістің жалпы шекті деңгейі тәулігіне шамамен 39,425 миллион баррельді құрады.

Бұған дейін сайтымызда "Қазақстан ОПЕК+ алдында мұнай өндірісі көлемін неге арттырғанын түсіндірді" деген мақала жарияланған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар