Қазақстанда педофилдерге қатысты бақылау шаралары күшейтілмек. Бұл жөнінде Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Енді мұндай қылмыскерлерге қатысты әкімшілік бақылау мерзімсіз енгізілуі мүмкін. Қазіргі заңнамаға сәйкес, сотталған педофил түрмеден босатылғаннан кейін сегіз жыл бойы – яғни соттылығы өтелгенге дейінгі аралықта – әкімшілік қадағалауда болады. Алайда ІІМ бұл бақылау мерзімін шексіз ұзартуға ниетті.
Лепеханың айтуынша, егер құқық қорғау органдары аталған тұлғадан қайталанатын қылмыс қаупін байқаса, олар жарты жыл сайын сотқа жүгініп, бақылауды ұзартуды сұрай алады.
"Қазіргі таңда бұл бақылау мерзімін шектеусіз ұзартуға мүмкіндік бар", – деді ол.
Сот мұндай өтініштерді қарап, егер адамнан қайта қылмыс жасау қаупі байқалса, бақылау шараларын жалғастыру туралы шешім шығара алады.
Министр орынбасарының айтуынша, болашақта педофилдер өмір бойы бақылауда болуы тиіс.
Сонымен қатар сот әкімшілік бақылау аясында белгілі бір аумақтарға – мектептер мен балалар мекемелерінің маңына – баруға тыйым салуы мүмкін. Бұл шектеулерді бұзған жағдайда, азамат әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ түнгі уақытта үйден тыс жүруге де шектеу қойылуы мүмкін.
Жаңа шаралардың бірі – ресми ескерту енгізу.
"Біз оған ресми түрде ескерту жасаймыз: Мұндай әрекетке жол берілмейді. Сіз өзіңізді қоғамға лайық түрде ұстауыңыз керек", – деп түсіндірді Лепеха.
Егер азамат қоғамдық тәртіпті жүйелі түрде бұзса, көршілеріне тыныштық бермесе немесе басқа да антиәлеуметтік мінез-құлық танытса, учаскелік инспектор оған ресми ескерту жасай алады.
Айта кетейік, Қазақстанда 2016 жылдан бері балаларға қатысты жыныстық қылмыс жасаған адамдар туралы ашық деректер базасы жұмыс істейді. 2023 жылы мұндай тізімге 338 адам тіркелсе, 2024 жылдың өзінде 406 адам есепке алынған.