"Олардың мақсаты құл қылу". Қазақстан банктерінің былық-шылығы туралы бір ауыз сөз

Dalanews 07 мау. 2017 05:42 712

Назарбаев бизнесті қолдап жатқанда, банктер елді тонап жатыр. 

Қазақстанда еңбекке жарамды, экономикалық белсенді тұрғындардың саны 8,5 миллион адам шамасында. Ал олардың тең жарымынан көбі, яғни 5 миллион адам екінші деңгейлі банктерге қарыз. Ең сорақасы сол, жаңағы 5 милллионның 1 миллион 200 мыңы қарызын қайтара алмай жүр. Қарызбен құл қылудың қазақстандық жобасы, яғни, банктердің былық-шылығы туралы осыған дейін де айтылып келген.
Жақында «Forte Bank» АҚ мен «Айбол» ЖШС арасындағы тағы бір даулы істің жай-жапсарын адвокат Роза Қожашева мен заңгер Алмас Күнгейбаев бізге баяндап берді.

Адвокат пен заңгердің айтуына қарағанда,  кәсіпкер Айтбаева Светлана ханым 2006 жылы «Темір банктен»  несие алыпты.  9 траншқа бөлінген несиенің жалпы сомасы 240 миллион теңгеден асып жығылған. Алайда,  «Айбол» ЖШС  теңгелей алған несиелерін 2008 жылдың мамыр айында банктің мәжбүрлеуі бойынша долларға ауыстырып, доллармен қайтаруға тура келеді. Яғни, банк валюта конвертациясын жасайды. Бұған елдегі экономикалық жағдайлар себепкер болған көрінеді.  2013 жылдың қазан айына дейін «Айбол» ЖШС өзіне міндеттелген несиені өтеп келеді. Гәп осы жерден басталса керек. 2013 жылдың қазан айынан бастап банк  «Айбол» ЖШС-нің өтініштерін ескермеуге көшеді. Дәлірек айтсақ, борышкер тарапқа тағы бір шарттар ұсынады.  Сөйтіп, арадағы келісім бұзылады. 2014 жылдың қазан айынан бастап банк пен кәсіпкер арасында сот процесстері басталады.

Осы уақытқа дейін екі бірдей сараптама жүргізілген. Алғашқы сараптама қорытындысы бойынша, Медеу аудандық соты борышкердің нақты берешегін көрсетіп, шешім шығарып береді. Соттың ол шешімімен борышкер тарап келіседі.  Ал бұған келіспеген «Forte Bank» (Бұл кезде Темір банк, Алянс банк және Forte Bank бірігіп жатқан) аппеляциялық сотқа шағым түсіреді. Аппеляциялық сотта екінші мәрте сараптама жүргізіліп, әуелгі Медеу аудандық сотының шешімін теріске шығарады. Дегенмен, сот процессі кезінде жүргізілген сараптама Медеу аудандық сотының сараптамасымен толық сәйкескен екен. Сөйтіп іс Жоғарғы соттың бақылауына өтеді.

Айта кетейік, бүгінгі күнге дейін 240 миллион теңгенің 183 миллион теңгесі қарыз есебінде банкке төленсе, 161 миллион теңге қосымша пайыздық сыйақы ретінде өтелген. Жалпы жиыны «Айбол» ЖШС  банкке 356 миллион теңге төлеген. Әуел баста айтылған 9 транштың 5 траншы толық жабылған. Сараптама қорытындысы бойынша 20 миллион теңге артық төленгені анықталып отыр. Оның 13 миллионы қарыз есебінде, 7 миллионы сыйақыдан асырып кеткен.

Бұл деректерді бізге заңгер Алмас Күнгейбаев айтып берді.
Әуел баста теңгемен алған несие долларға шаққанда едәуір көбейгендіктен ортада әуелгі несие мен үстеме пайыздан бөлек тағы 50 миллионға жуық «қарыз» ақша пайда болады. Ал банк өз кезегінде алынбаған 50 миллион теңгеге қосымша пайыздық сыйақы төлеткен көрінеді. Сөйтіп, бұл сома 120 миллионға жуықтайды. Бұл – конвертация кезінде банк қалтасына түскен қаражат деп топшыладық. Себебі, девальвация дегди бастағанда, кері конвертация жасалып, несие валютасы теңгеге қайта ауыстырылады. Рас, біз банк салықтан жалтарды демейміз. Дегенемен, бұл ақшаның арғы тағдыры беймәлім болғандықтан, бал ашып жатуды жөн көрмедік.

Барлық қаржылық келісімдерді жүзеге асырған «Forte Bank» мамандары екен. Біз «Forte Bank» заңгері Лариса Николаевнамен тілдесуді жөн көріп едік, ол пікір білдіруден бас тартып, алдағы уақытта банк тарапынан нақты әм ресми пікірдің айтылатынын ғана жеткізді.

Аталған мәселеге қатысты бірнеше сот отырысы өткен көрінеді. Банк пен кәсіпкердің дауына назар аударуымыздағы мақсат – жоғарыдағы бес миллион борышкердің тағы қаншасы банктің жұмыс жүйесінің құрбаны болып жүр екен деген сауалға саяды.

Сонымен жоғарыдағы жайттарға көз тіге отырып, мынадай ойға қалдық?

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі Үкіметке тапсырма беріп, елдегі шағын және орта бизнесті қолдап жатқанда, банктердің бұл әрекеті қалай?  Осыған дейін Атыраудағы 70-тегі кәсіпкердің, Әбірбек Тоқтыбаевтың, жанайқайын жария еткен едік. (http://abai.kz/post/53130 ) Ол кезде «АsiaCreditBank»-тің рейдерлік шабуылының құрбаны болған кәсіпкер басқа басқа емес, Елбасының өзіне бейне жолдау жолдаған болатын. Біз бүгін нысан еткен кәсіпкер Светлана Айтбаева да егде тартқан адам. Қоластында оншақты адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерді банктердің буындыруы – Елбасы міндеттеп бергендей,  кәсіпкерлікті тежеуші негізгі фактор емес пе?

Іс барысын бажайлай келе байқағанымыз, «Forte Bank» конвертация кезінде есептеп шығарған қосымша 50 миллион теңге салық декларациясында көрсетілмеген көрінеді. Ол туралы 02.06.2017 жылы Алматы қалалық сотында өткен аппеляциялық сот отырысында Күнгейбаев Алмас мырза мәлім етіпті.

Аталған мәселе бойынша Алматы қаласы, Медеу аудандық соты істі «Айбол» ЖШС-нің пайдасына шешіп, несиегер мен банктің арасында болған ең әуелгі келісімді күшінде қалдырғанын жаздық. Алайда, «Forte Bank» қайта шығымданып жеңіске жетеді де, кәсіпкердің пайдасына шешілген Медеу аудандық сотының шешімі күшін жойыған.

Әйтсе де, аталған іске байланысты ҚР Ұлттық банкінің қаржылық қызмет бойынша тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің бас маманы Сыдықов К.Е мырза банк әрекетінің қателігін  көрсетіп, сотқа түсініктеме беріпті.

Біз осы ретте  «Forte Bank» АҚ мен «Айбол» ЖШС арасындағы   даулы істің жай-жапсарын сарапшы маманға ұсынып көрдік. Ол былай деді.

Мақсат Халық, экономист:



- Негізі теңгемен алған несие теңгемен қайтарылады. Ал енді банктердің валютаны өзгертуі келісімшартта көрсетілуі мүмкін. Жаңағыдай девальвация  кезінде банктер өздерін сақтындыру үшін конвертация жасауы ықтимал. Әрине, ол келісімшартта нақты көрсетілуі керек.

Ал салық жағынан келер болсақ, Заңда анық жазылған. Егер банк содан табыс тауып отырса, ол салық декларациясында көрсетілуі тиіс.

Мен негізі экономист ретінде айтар едім, Қазақстан жағдайында несие алған тиімсіз. Неге? Себебі, біз дамушы елдердің қатарындамыз. Біздегі инфляция деңгейі өте жоғары. Ал инфляция жоғары болған жағдайда, банктер несиенің үстеме пайызын арттыруға мүдделі болады. Байқасаңыз, біздің банктерде несиелік пайыз, ипотекалық пайыз өте жоғары. Ал Батыс елдерінде несие пайызы 2-4%-ды ғана құрайды.

Несиені қандай жағдайда алу керек? Аса мұқтаж болғанда алсаңыз, онда да, келісімшартты анықтап қарап барып алсаңыз мақұл. Бізде болмашы нәрселерге бола несие алатындар көп. Ол тұрмыстық техникалық заттар болуы мүмкін т.б.

Жылдық инфляция 10 %-дан жоғары болса, банктер келісімшартты қайта қарауы керек. Мысалы, 2015 жылы девальвация кезінде инфляция 13,6 %-ға жеткен. Мұндай жағдайда банктер пайызды өсіреді. Ал әуел баста келісімшартқа қол қойып қойған халық амалсыз банктердің айтқанын істеуге мәжбүр болады.

Менің тәжірбиемде көргенім, көп кісілер, егде жастағы кісілер келіп: «Біз оқуын оқыдық қой әлгі келісімшартты. Бірақ түсінбедік» дейді. Бұл да несиелік проблеманың туындауының бір себебі. Сондықтан, банктерден халыққа түсіндіру бөлімдерін ашу керек сияқты.

Несиенің екі пайызы болады. Бірі тиімді жылдық пайыз және номиналды пайыз. Номиналды пайыз деген – банктердің халықты арбауы үшін жасалған дүние. «Келіңдер, бізде мынша пайыз» деп жұртты алдап өзіне тартып алады. Міне, халық та соған, жылтыр дүниеге алданып қалады. Бұл өз кезегінде халықтың экономикалық сауаттылық деңгейінің төмендігін көрсетеді.

Жоғарыдағы 1 миллион 200 мың адамның басындағы жағдай да осы. Ал банктер ше? Жаңағы төлей алмайтын 1 миллион адамның ақшасының орнын төлей алатындардың есебінен жүргізеді. Міне, осы.

Ескерту! Банк заңгерінің бізге берген уәдесі бойынша алдағы уақытта «Forte Bank» АҚ-ның аталған мәселеге байланысты жауабын күтеміз.

Нұргелді Әбдіғаниұлы


Дереккөз: Abai.kz


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар