Mega Center Management KASE-нің ресми тізімінен жай акцияларын ерікті түрде алып тастайтынын (делистинг) жариялады. Мұндай шешімді компанияның жалғыз акционері 6 ақпанда қабылдапты, деп жазады Dalanews.kz.
"Ерікті делистинг, атап айтқанда "Mega Center Management "АҚ-тың жай акцияларын "Қазақстан қор биржасы" АҚ ресми тізімінен алып тастау мақұлдансын", делінген KASE сайтындағы 11 ақпанда жарияланған компания құжатында.
Ал бұл әрекеттің себептері туралы ештеңе айтылмайды.
2025 жылы 1 қаңтарда Mega Center Management-тің жалғыз акционері Сингапурда тіркелген The Steppe Sunrise Trust сенімгерлік қорының басқаруындағы A.G. Overseas PTE. LTD жеке акционерлік компаниясы болып табылады.
Соңғы қаржылық есеп деректеріне сәйкес, 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Mega Center Management-тің жиынтық активтері 61,3 млрд теңгені, жиынтық міндеттемелер 36,7 млрд теңгені құрады, меншікті капитал 24,6 млрд теңге мөлшерінде қалыптасты. 2024 жылғы қаңтар-қыркүйектегі таза табысы 11,5 млрд теңгеге жетті. Бұл ретте 2023 жылы Mega Center Management 14,3 млрд теңге табыс тапқан.
Mega Center Management Қазақстандағы ең ірі MEGA сауда-ойын-сауық орталықтарының (Mega Alma-Ata, Алматыдағы MEGA Park, Астанадағы MEGA Silk Way) желісін салумен және дамытумен айналысатын Astana Group-тың құрылыс саласындағы бөлімшесі болып саналады.
Қазақстандағы бай бизнесмендер қатарына жататын Нұрлан Смағұловтың дәулеті 980 млн долларға бағаланады.
Бұған дейін БТА Банк Рақышевқа тиесілі компанияның акционері атанғанын жазғанбыз.