Шымкент Полиция департаменті Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Күдіктіге қатысты адам өлтіру, некеге тұруға мәжбүрлеу және сталкинг баптары бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы бақылауда.
"Екі рет жүргізілген сот-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша күдіктіден психикалық бұзылыс анықталып, осыған байланысты мамандандырылған мекемеге мәжбүрлі емдеуге жіберілді. Емдеу аяқталғаннан кейін күдікті тергеуді жалғастыру үшін қайтадан тергеу изоляторына қамалады", - деді полиция.
Полицияның сөзінше, тергеушілер жәбірленуші тараппен тұрақты байланыста, үздіксіз байланыс қамтамасыз етілген.
Айта кетейік, 11 қаңтарда Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбай пышақ жарақаттарынан көз жұмды. Қайғылы оқиға бейнебақылау камераларына түсіп қалған.
Марқұмның туыстарының айтуынша, Нұрай Серікбай 11 рет пышақ жарақатын алған.
Кейінірек полиция қызметкерлері жедел іздестіру іс-шаралары барысында 21 жастағы тұрғынды өлтірді деген күдікті ер адамды ұстады.
Сонымен қатар, Президент Ұлттық құрылтайда шымкенттік Нұрайдың өліміне қатысты пікір білдірді. Бұған дейін күдікті жындыханаға жатқызылғаны айтылды.
