Несиені мәжбүрлеп рәсімдеу: прокуратура мен банктер арасында дау бұрқ етті

Кәмшат Сатиева 08 қыр. 2025 10:35

Ақмола облысының прокуратурасы әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарды ұрлап, олардың атына ірі банктік несиелер рәсімдеумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа (ҰҚТ) қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтағандарын жариялады. ҰҚТ құрамына еліміздің түрлі өңірлерінен 25 адам кірген. Олардың арасында бірқатар банктердің қызметкерлері де болған. Өткен апта соңында осы хабар жариялана салысымен, аты аталған банктер бұл мәліметті жоққа шығарып мәлімдеме жасады. Алайда, прокуратура Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының бұл уәжін негізсіз деп тапты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"2025 жылғы 4 қыркүйекте Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы банк қызметкерлерінің аталған іске қатыстылығын теріске шығару жөнінде ресми хабарлама жариялады. Прокуратура жариялаған ақпарат қылмыстық істің нақты материалдарына негізделгенін хабарлайды. ҚПК-нің 200-бабына сәйкес уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚР ҚМА) орталық аппаратына банк қызметкерлерінің ұйымдасқан қылмыстық топ қызметіне қатыстылығы көрсетілген ұсыныс енгізілді. Сонымен қатар, аталған банктер өзге ұйымдармен бірге бұл іс бойынша жәбірленуші деп танылды және олар қылмыстық процеске барлық құқықтары бар өкілдері арқылы қатысуда, оның ішінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің барлық кезеңдерінде қылмыстық іс материалдарымен танысу құқығы бар. Осыған байланысты банктердің тергеліп жатқан іс жөнінде хабарсыздығы туралы уәждері негізсіз болып табылады", делінген  Ақмола облыстық прокуратурасының мәлімдемесінде.

Прокуратура мәліметінше, ҰҚТ-ның қатысуымен 5 жылдан астам уақыт бойы алаяқтық әрекеттер жасалған. Қылмыстардың құрбаны болғандар – Республика бойынша 348 азамат. Келтірілген шығын көлемі 3,7 млрд теңгені құрайды.

"Тергеу барысында қылмыстық жолмен табылған мүліктер анықталды: Алматы қаласындағы пәтерлер мен жер телімдері, қымбат автокөліктер, ірі көлемдегі қолма-қол ақша. Тәркіленген дүниенің жалпы құны – 2,7 млрд теңге. Топтың барлық қатысушылары ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда қылмыстық іс процесс қатысушыларына танысуға берілді, түпкілікті шешімді сот шығарады", делінген құзырлы орган хабарламасында.

Прокуратура ел азаматтарын сақ болуға, алаяқтарға сенбеуге шақырады.

Айта кетсек, аты аталған банктер арасында Kaspi bank, Forte, Jusan bank пен Евразиялық банк те бар.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар