Баспана алу, көлік міну немесе басқа да ірі жоспарларды жүзеге асыру үшін несиеге жүгінетіндер аз емес. Бірақ кез келген қарыз қаржылай тұрғыдан тиімді бола бермейді. Qazaq Expert Club сарапшысы, экономика ғылымдарының кандидаты Айгерім Ілиясованың айтуынша, несие аларда оның мақсаты, шарттары және болашақтағы қаржылық салдары басты назарда болуы тиіс, деп хабарлайды dalanews.kz.
“Кейбір несиелерді ойланбастан алуға болады. Ал кейбірінен барынша сақтанған дұрыс. Егер ондай қарыз рәсімделсе, мүмкіндігінше мерзімінен бұрын өтеп тастаған жөн”, – дейді сарапшы.
Қандай несиелерден сақ болған жөн?
Айгерім Ілиясова ең алдымен құны тез төмендейтін әрі тұрақты шығынды талап ететін заттарға алынатын несиелерді қауіпті санайды. Бұған қоса, өзгелерге ауқатты көріну үшін рәсімделетін қарыздар, несиеге бағалы қағаз сатып алу, шетел валютасында табысы жоқ адамның валюталық несие алуы және күмәнді ұйымдардан қарыз рәсімдеуі де тәуекелі жоғары шешімдердің қатарына жатады.
Ол мұны автонесие мысалында түсіндіреді.
“Несие өтеліп жатқан уақыт ішінде көліктің нарықтағы құны төмендей береді. Сонымен қатар жанармай, техникалық қызмет көрсету, сақтандыру және жөндеу сияқты тұрақты шығындар қосылады. Сондықтан автокөлікті тек жеке мақсатқа пайдалану үшін несиеге алу әрдайым тиімді бола бермейді”, – дейді қаржыгер.
Мәртебе үшін алынған несие – ең қауіпті қарыздардың бірі
Сарапшының пікірінше, бүгінгі күні қарыз жүктемесінің артуына көбіне тұтынушылық мақсаттағы несиелер себеп болып отыр.
Оның айтуынша, сән-салтанатты той өткізу, қымбат смартфон сатып алу немесе әлеуметтік желіге әдемі сурет жариялау үшін демалысқа шығу секілді шығындар көбіне жоғары пайызбен берілетін кепілсіз тұтынушылық несиелер арқылы қаржыландырылады.
“Қоғам біртіндеп мәртебе үшін қарызға өмір сүру әдетінен арылып, ең алдымен өзінің нақты қаржылай мүмкіндігін бағалауға үйренуі керек”, – дейді Айгерім Ілиясова.
Кейбір “тиімді” көрінетін несиелер де өзін ақтамауы мүмкін
Мысалы, пәтерді сатпас бұрын жөндеу жұмыстарын несиеге жасау әрдайым дұрыс шешім емес. Сарапшының айтуынша, мұндай жағдайда жөндеуге кеткен шығын тұрғын үйдің бағасын дәл сол мөлшерде өсіре ме, жоқ па – соны алдын ала есептеу қажет.
Егер жөндеу пәтерді сатуға кедергі келтіріп тұрған ақауларды ғана жою үшін қажет болса, ең қажетті жұмыстармен шектелген жөн. Өйткені қымбат жөндеу көбіне өзін ақтамайды, ал оған қосылатын несие пайызы шығынды одан әрі көбейтеді.
Несие алып инвестиция жасауға болмайды
Айгерім Ілиясова бағалы қағаздарға қарыз қаражатымен инвестиция салуға да сақтықпен қарауға шақырады.
“Бағалы қағаздарға инвестиция салу – тәуекелі жоғары бағыт, әсіресе қысқа мерзімде. Сондықтан инвестицияны тек өз жинағыңыздың есебінен жасаған дұрыс”, – дейді ол.
Валюталық несие кімге тиімді?
Сарапшының айтуынша, мұндай несие тек табысын сол валютада алатын адамдар үшін ғана орынды.
“Егер адамның табысы теңгемен болса, доллар бағамының өсуі оның несие жүктемесін де автоматты түрде арттырады”, – деп түсіндірді қаржыгер.
Бөліп төлеудің бәрі пайызсыз емес
Айгерім Ілиясова банк қосымшаларындағы бөліп төлеу қызметіне де мұқият қарауға кеңес береді. Себебі кей жағдайда “бөліп төлеу” деп ұсынылатын өнімнің өзі кәдімгі тұтынушылық несие болуы мүмкін.
Оның айтуынша, мұны анықтаудың ең оңай жолы – тауардың бағасын толық бірден төлегендегі және әртүрлі бөліп төлеу мерзімдеріндегі бағамен салыстыру. Егер бөліп төлеуде баға қымбат болса, демек оған несие пайызы енгізілген.
Күмәнді ұйымдардан қарыз алмаңыз
Сарапшы тек ресми тіркелген банктер мен лицензиясы бар микроқаржы ұйымдарына ғана жүгінуге кеңес береді. Ал күмәнді интернет сайттары, көшедегі бейресми несие берушілер немесе заңсыз ұйымдардан қарыз алудан бас тартқан дұрыс.
Қандай несие тиімді болуы мүмкін?
Айгерім Ілиясова дұрыс есептелген жағдайда кейбір несиелердің қаржылай тұрғыдан тиімді болатынын жеткізді.
Оның пікірінше, табыс әкелетін немесе отбасының тұрақты шығынын азайтатын активтерді сатып алуға арналған несиелер, сондай-ақ мемлекеттік жеңілдетілген бағдарламалар аясындағы қарыздар тиімді саналады.
Мәселен, егер автокөлік жүк тасымалы, жеткізу қызметі немесе басқа да кәсіпкерлік мақсатта пайдаланылып, табыс әкелетін болса, автонесие өзін ақтауы мүмкін.
Ипотека кей жағдайда жалға алғаннан тиімді
Сарапшының айтуынша, егер отбасы табысының едәуір бөлігі ай сайын пәтер жалдау ақысына жұмсалатын болса, ипотека рәсімдеу анағұрлым ұтымды шешім болуы ықтимал.
Әсіресе тұрғын үй нарық бағасынан төмен құнмен сатып алынып, болашақта қымбаттау мүмкіндігі болса, мұндай шешім тиімді болуы мүмкін.
Сондай-ақ ол Отбасы банк ұсынатын бағдарламаларды мысалға келтірді.
“Мәселен, бастапқы жарнасы 50 пайыз болатын және үш жылдан астам қаражат жинаған клиенттерге арналған тұрғын үй несиесінің жылдық мөлшерлемесі небәрі 5 пайызды құрайды”, – дейді Айгерім Ілиясова.
Қарыз алмас бұрын нені ескеру керек?
Сөз соңында сарапшы кез келген несие ұзақ мерзімді қаржылай міндеттеме екенін еске салды.
Оның айтуынша, несие рәсімдер алдында адам қазіргі табысын ғана емес, болашақтағы қаржылай тұрақтылығын да бағалауы қажет.