Үкімет резервінен Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласындағы жылу магистралінің құрылысын аяқтауға шамамен 650 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Үкіметтің мәліметінше, бөлінген қаржы Жамбыл Жабаев, Александр Шәжімбаев, Новая және Ыбырай Алтынсарин көшелері бойындағы жылу желілерінің құрылысын аяқтауға бағытталады.
Жоба аясында биыл 1,4 шақырым ескі жылу желісі демонтаждалып, жаңасы тартылады. Былтыр 0,7 шақырым желі жаңартылған болатын. Нәтижесінде ұзындығы 2 шақырымнан асатын №2 жылу магистралін толық жаңарту жұмыстары аяқталады.
Үкіметтің мәліметінше, бұл жұмыстар тозу деңгейі 80 пайыздан асқан магистральды ауыстыруға мүмкіндік береді. Жоба жүзеге асқаннан кейін 30 мыңнан астам тұрғын, сондай-ақ 200-ден астам көпқабатты тұрғын үй мен әлеуметтік нысанның жылумен тұрақты қамтамасыз етілуі жақсарады.
Сонымен қатар Үкімет алдағы жылыту маусымына дайындық тұрақты бақылауда екенін атап өтті. Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдан бері елімізде 10 энергия блогы, 63 қазандық және 39 турбина күрделі жөндеуден өткен. Бұдан бөлек, 17 мың шақырым электр желісі жаңартылып, 420 қосалқы станция жаңғыртылды және 323 шақырым жылу желісі ауыстырылды. Нәтижесінде электр станциялары жабдықтарының тозуы 53 пайызға, ал жылу желілерінің тозуы 50 пайызға дейін төмендеген.