Назарбаев лентасын қиған логистика орталығының мамандары Тоқаевтан араша сұрауда

Dalanews 02 ақп. 2021 12:10 851

Келмеске кеткен Кеңес Одағы деген сөзге аузымыз әбден үйренген. Бірақ сол «өлген» Одақтың кейбір құжаттары әлі күнге дейін күшіне ие көрінеді. Айтса адам сенбейтін, бірақ ақиқаты бұрмаланған осындай шындықтар бар.

Алматының іргесінде құрылысына 4,5 млрд теңге жұмсалып, бірнеше жылдан бері тұрақты жұмыс істеп тұрған логистика орталығының басына қара бұлт төніп тұр. Яғни осыдан 80 жыл бұрынғы құжат аяқ астынан «тіріліп кетіпті» деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Әңгімені басынан бастайық.

2015 жылы, сол кездегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы қатысып өзі ашқан, индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасымен салынған «Global Ecological Group Almaty» (GEGA) логистикалық кешенінің жеріне қызығушылар пайда болыпты.

Жалпы көлемі 20 гектарға созылып жатқан нысанға көз тіккендер – анау-мынау емес Қазақстан Қорғаныс министрлігі екен. Министрліктің қолындағы құжат осыдан 80 жыл бұрынғы, яғни 1940 жылғы меншік құжат көрінеді.


Логистика орталығының қызметкерлері ғасырға жуық уақыттан кейін «күшіне» енген құжаттың кімдерге, не үшін қажет болғанын білмей дал болуда. Сонымен бірге, кешеннің құрылысы 2015 жылы басталғанда Қорғаныс министрлігі неге үнсіз отырған? Бұл да жұмбақ. Оны қойшы, осыдан 16 жыл бұрын, яғни 2005 жылы Алматы қаласының әкімдігі бос жатқан жерді «Global Ecological Group Almaty» ЖШС-на сатқанда, Қорғаныс министрлігі ай қарап отырған ба?



Ал болары болып бояуы сіңгенде, құрылысына бірнеше миллиард теңге жұмсалып, жылына бірнеше миллион теңге салық төлей бастағанда, мыңдаған адам жұмыс істейтін үлкен орталыққа айналғанда, бұрын бос жатқан жердің қожайыны пайда болып, компанияны от пен сотқа сүйреп жатқаны қалай?      

Қазақта жер дауы мен жесір дауынан артық дау болмаған. Бірақ Тәуелсіз Қазақстан деген мемлекет орнап, бұрынғы Кеңес одағы келмеске кеткенде бұл құжаттың пайда болғаны, оны қойшы, сол үшін сотқа сүйрегені, шынында түсініксіз!  Сотқа жеткен істің соңы қалай болушы еді?

Алматы қаласының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы былтыр шілде айында GEGA логистикалық кешенін 3 айдың ішінде бұзу туралы шешім шығарып беріпті.


Бұған дейінгі үш реткі сотта жеңіп келген компанияның соңғы сотта қалай сүрінгені түсініксіз. Логистика орталығы былтырғы қарашада аппеляциялық шағым түсіріпті. Бірақ арыз әлі қаралмаған. Бұл қалай? Сонда Қорғаныс министрлігінің қорғанысы мықты болып, мемлекет үшін жұмыс істеп тұрған компанияның қауқарсыз болғаны ма? 



1200 адамға жұмыс беріп отырған орталықтағы басқарушы компания басшысы Қайролла Әлішев Dalanews.kz берген сұхбатында:

«Соңғы 5 жылда мұнда елдегі ең ірі, ең ауқымды деген компаниялар өз өнімдерін сақтауға мүмкіндік алды. Елуге жуық кәсіпорын шетелдерден келетін әртүрлі тауарларын осы жерде кедендік рәсімдеуден өткізіп, басқа өңірлерге жіберіп отырады. Әлемді жайлаған пандемия кезінде азық-түліктен бастап, фармацевтикалық өнімдер мен техникалық тауардың бәрін осында сақтадық. Басқа мекемелердің жұмысшылары қашықтан жұмыс істегенде, біздің жұмысшылар халық үшін осында еңбек етті.

Қазір сол мыңнан артық жұмысшы мен қызметкерлеріміз далада қалғалы отыр. Компаниямызда зейнет жасына таяған үлкен кісілер мен көпбалалы аналар, жалғызбасты әйелдер де бар. Егер Қорғаныс министрлігі жерді алып, компания сүрілетін болса, қаншама адам жұмысынан, табысынан айырылады? Осыны ойлаған кім бар?» - дейді.

Қазақта «Күштінің арты диірмен тартады» деген сөз бар. Сонда Қорғаныс министрлігі күшіне сеніп отыр ма? Ал халық ше? Қараша жұрттың күші, сөзі ешкімге өтпейді деу бос сөз!  


Ковид күшіне мініп тұр. Тіпті, Алматының өзі «қызыл аймаққа» енді. Ал осындай ел басына күн туған қиын сәтте логистикалық орталық жұмысын тоқтатса, осында сақтап отырған дәрі-дәрмекті логистикалық орталық қайда апарады?



Алматыда дәрі-дәрмек сақтай алатын, барлық талаптары тастай, техникалық мүмкіндігі қарастырылған дәл мұндай қойма бар ма? GEGA компаниясындағы мамандардың айтуынша, Орталық Азияда мұнымен бәсекеле алатын логистикалық кешен жоқ көрінеді. Демек, нысан жұмысын тоқтатса, басқа тауарды айтпағанда, фармацевтикалық өнімдердің бағасы бірден қымбаттайды деген сөз. Оның үстіне, кім қайда, қандай қоймада сақтайды? Фармацевтикалық өнім үшін ең қажеттісі қойма.

Логистикалық орталықта елу шақты компанияның тауары барын айттық. Сол компания өкілдерінің атынан Ермек Айдарұлы сөйледі. Оның айтуынша, ешкім бұл жерден көшкісі келмейтін көрінеді. Ол: «Егер кешен жұмысын тоқтатып, бұзылатын болса, нарықтағы тауар бағасы бірден қымбаттайды. Бұл басы ашық әңгіме. Себебі, кедендік рәсімдеу, басқа қоймаға тасу, тауарды түсіріп, қайта тиеу сияқты жұмыс қосымша шығынды талап етеді. Шамалап айтатын болсақ, мұндағы барлық тауарды басқа қоймаға көшіру үшін 1200 жүк көлігі мен 3 ай жұмыс істеу қажет. Ал оны апаратын ешбір кәсіпкерде орын жоқ» - деп кәсіпкерлердің басындағы қиындықты жеткізді.



Айтқанның аузы жаман. Кейде біздің елде атқарылатын жұмыстардың кейбірі қасақана жасалатын сияқты көрінеді. Мысалы, басқа адам емес Елбасының өзі лентасын қиған, ел қазынасына жыл сайын бірнеше миллион теңге түсіріп отырған, ең бастысы жұмыс істеп, халықты тұрақты жұмыспен қамтып отырған осындай нысандардың аяқ астынан тынысын тоқтатып, әлдебір қисынсыз заңдардың құрбаны болатыны қалай?

Мәселен, жері таласқа түсіп, тағдыры қыл үстінде тұрған «Global Ecological Group Almaty»-ЖШС-ның ішіндегі Almaty Contract басқарма компаниясының жетекшісі Әсел Сергенованың айтуынша, логистикалық орталық 2020 жылы қазынаға 300 млн теңге құйған. Аз ақша емес.


«Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?» Мемлекеттің ақшасына салынып, бюджетке қомақты салық төлеп отырған логистикалық орталыққа тықыр таяп тұр. Ал біз бизнесті дамытамыз дейміз...

Жарас КЕМЕЛЖАН


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар