Мұхтар Мағауин соңғы сұхбатында Назарбаевтың билігіне баға берді

Қаракөз Амантай 03 ақп. 2025 16:45 1646

Қазақстанның көрнекті жазушысы, марқұм Мұхтар Мағауин көзі тірісінде берген соңғы сұхбатында елді 30 жыл басқарған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билігіне қатты сын айтты.

Бұл туралы Dalanews.kz порталы хабарлады. Жазушы сұхбатты журналист Жанар Байсемізге берген.

Мағауиннің айтуынша, Назарбаев бастаған үкімет “қазақты рухани жаншыды”, "елді иесіз, жерді жетім” етіп қалдырды. Ол түрлі діндер мен концепциялардың тым ұлғайып, ұлттық болмысқа ықпал еткенін сынға алады. “30 жыл далаға кетті” деген жазушы, қазақ халқы сол кезеңде биліктің қарсылығына қарамастан табиғи жолмен көбейгенін атап өткен.

"Қазақ жағаласып отырып көбейді. Қазақ әйелдерінің балажандығы сонша, туу мен өсу тоқтамады. Тәуелсіздік алған жылдары қазақтың саны алты миллионға жетті. Қазір 14 миллионға жетті”, – деді жазушы.

Қаламгер өз сөзінде шетелден оралған қандастарға қатысты саясаттың жеткілікті деңгейде қолдау таппағанын жасырмай айтады.

Мағауиннің пікірінше, сыртта жүрген қазақтардың құжат рәсімдеуде түрлі кедергілерге ұшырауы – “қазақтың келуін болдырмау үшін жасалған” әрекет. Мәселен, Қытайдан сотталмағаны туралы қағаз талап еткенде, бұл құжаттың ол елде мүлде берілмейтіні белгілі болған.

"Назарбаевтың үкіметі, қойған адамдары талай адамды жексұрын қылды. "Келе беріңдер" дейді де, жүз түрлі бөгет ойлап тапты. Құжатын ала алмай жылдап жүреді. Болмайтын, қисыны жоқ құжат сұрады. Қытайдан сотталмағаны жайлы құжат сұрады. Қытайда ондай бермейді. Осының барлығы – қазақты келтірмеу үшін Назарбаевтың ойлап тапқаны. Қазақ көбеймеу керек, көтерсе, кеудесін көтеруі мүмкін”, – деді ол.

Мұхтар Мағауин 10 қаңтарда 85-ке қараған шағында авторы қайтыс болды. Жазушының дүниеден өткенін оның ұлы Едіге Мағауин Facebook-тегі парақшасында хабарлаған еді.

"Арыстан әкем фәниден бақиға аттанып кетті, АҚШ-тың Мерилэнд штатындағы үйінде, бала-шағасының ортасында, 2025 жылғы қаңтардың 9-ы, жергілікті уақыт бойынша сағат 19:55-те (Қазақстан уақыты бойынша қаңтардың 10-ы, сағат таңғы 5:55)" деп жазған болатын Едіге Мағауин.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар