“Мұрны қисайып, көзі көгерген”. Нұрмановтың бет-әлпетіндегі өзгеріске қарындасы пікір білдірді

Қаракөз Амантай 16 қаз. 2024 14:55 29544

Соңғы күндері марқұм Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрмановтың бет-әлпетіндегі өзгеріс жұрттың назарын аудара бастады. Әлеуметтік желідегі видео-суреттерінен оның көзі көгеріп, мұрны қисайғанын байқауға болады. Көпшілікті алаңдатқан осы сұраққа Нұрмановтың қарындасы жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Перизат Нұрымованың сөзінше, қанды оқиға болған күні ағасы көзінен жарақат алған.

“Біріншіден, суретке түскенде дұрыс ракурс ұсталмай қалған, екіншіден, оның мұрны бұрыннан қисық еді. Дегенмен, оқиға болған күні, дүкеннен қашқан кезде бетіне бөтелке тиген. Қазір сіздер бетіндегі ісігі қайтқан түрін көріп жүрсіздер ғой, оның беті бірақ ісіп кеткен суреті бар. Бет-әлпетінде сол жарақаттан қалған көгерген іздері әлі тұр” – деді Перизат Нұрымова Ulysmedia.kz агенттігіне берген жауабында.

Ол белгілердің бұған дейін байқалмауын дұрыс түсірілмеген суреттермен байланыстырды.

“Өрт болған күндері де сондай болған. Фотоға жоғарыдан түсіргендіктен, байқалмаған болуы мүмкін. Ал мұрыны бұрын, үйде әйнек қойып жатқан кезде, әйнек құлап кеткен. Содан сынған. Одан кейін ешқандай жарақат, ешқандай күш көрсету болған жоқ” – деп түсіндірді Қаржаубайдың қарындасы Ulysmedia.kz-ке.

Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмды. Жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкеннен басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осы жағдайдан кейін төбелес басталған.

Кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.

Қазіргі таңда кінәлі деп танылған 7 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.

Ал 15 қазанда Ішкі істер вице-министрі тағы үш күдіктіні ұстағанын мәлім етті.

Сонымен қатар, Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Шалқаров төбелестен кейін қанша қару тәркіленгенін айтты.

Одан кейін Шерзаттың үйіне күзет қойылды.

Көп ұзамай марқұм Шерзаттың үйі өртенді.

Сондай-ақ марқұмның әкесі әлдекімдердің тарапынан бірнеше рет қорқыту болғанын жеткізген еді.

“Мені бір емес, бірнеше рет қорқытты. Алып кетулер болды. Телефонмен де. “Заңгерміз, адвокатпыз, бірге оқып едік” деп келіп, алдап, мені далаға шақырып алып, қорқытулар болғаны рас”, - деді марқұмның әкесі.

Осы тұста ол ашық сотты талап ететінін айтты.

“Халқымнан сұрайтыным – еш қан төгілмесін. Ашық сот болуын талап етем. Ашық сот болса, оң шешім болады. Еш арандатуға түспеңіздерші. Аналар жыламасын, балалардың қаны төгілмесін. Бауырларым, жігіттер, арандамайықшы, алданып қалмайық. Жоғарыдағы ағалар да заң аясында қолға алып жатыр. Ертең Астанадан, ІІМ-нен адам келеді деп айтылды. Сол айтарым. Балам өлді. Енді мен басқа балалардың болашағы жақсы болсын деп тілеймін. Ниетім де, арманым да осы”, - деді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар