Мұнай бағасы құлдырап, 69 доллар болды. Ресей бұған неге қуанып отыр?..

Кәмшат Тілеухан 06 нау. 2025 12:02 296

Әлемдік нарықта мұнай бағасы осымен үшінші күн қатарынан төмендеп жатыр. Кеше АҚШ Энергетика министрлігінің осы аптада жариялаған баяндамасынан кейін әлемдік нарықтағы мұнай бағасы тағы да құлдырай жөнелді. Лондон ICE биржасында Brent маркасының мамыр фьючерстерінің бір баррелінің құны 5 наурызда кешкісін 68,76 долларды құрап, тағы 3,21%-ға құнсызданды, деп жазады Dalanews.kz.

Нью-Йорк тауарлық биржасының сауда-саттығы барысында (NYMEX) WTI мұнайының сәуір фьючерстері 3,84%-ға арзандап, бір баррелінің бағасы 65,64 долларға дейін төмендеді.

"АҚШ-тың коммерциялық мұнай қоры өткен аптада 3,614 млн баррельге үстемеленіп, 433,775 млн баррельды құрады. АҚШ-тың Энергетика министрлігі дәл осындай цифрларды жариялады. Ал Trading Economics мәліметінше, сарапшылар ары кетсе АҚШ-тың мұнайы қоры 900 мың баррельге өседі деп болжаған еді. Ал нақтысында, бұл күтілген болжамнан асып кетіп отыр", деп жазады Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы.

Иә, мұнай бағасы үшінші күн қатарынан төмендеп жатқан жайы бар.

"Мұнай бағасы АҚШ президенті Дональд Трамп бастамашы болған сауда соғысы, сондай-ақ ОПЕК+ елдерінің мұнай өндірісі көлемін біртіндеп арттыру туралы жарияланған жоспарлары аясында жарты жыл бойындағы ең төменгі шекті игерді. Brent 2,4%-ға арзандап, бір баррелінің құны 69 доллар, ал WTI құны 2,9%-ға құлдырап, бағасы 66 доллар болды. Осылайша бір күннің барысында Brent қысқамерзімде 2021 жылғы желтоқсанда тіркелген ең төменгі деңгейді қамтыды" жазады  BBC Invest сарапшылары.

Бәрінен бұрын, бұл жаңалыққа Ресей тарапы қуанып, екі алақанын ысқылап отыр.

"Арзан мұнай Ресей бюджетіне қауіп төндіреді, бірақ экспорт көлемін ұлғайту тұрғысында перспектива ашылады, өйткені Urals белгіленген бағадан да төмен сатылуы мүмкін, сәйкесінше арғы жағында санкциялардан да шығамыз", - дейді ресейлік сарапшы Максим Худалов Forbes.ru-ға берген сұқбатында.

Оның айтуынша, Brent бағасының төмендеуі батыстық санкцияларға сүйенетін компаниялардың өзін Ресей мұнайын тасымалдауға мүмкіндік береді, өйткені жеңілдіктерді ескерсек, бұл оларға белгіленген шек 60 доллардан да төмен бағада арзанға түседі. "Сондықтан ресейлік мұнай тасымалы алда уақытша өсуі мүмкін", — дейді Худалов.

Ресейдің Альфа-банк өкілі Никита Блохин де АҚШ арзан мұнай сата алмайтынын айтады. Иран да, Венесуела да ауыр мұнай өндірісі, салықтарды қоса есептегенде төмен бағаға дайын емес.

"Ал Ресей санкциялардан басын аршу үшін Urals мұнайын жеткізуге дайын. Сондықтан бұл құлдырау Ресей үшін тиімді", - дейді ол.

Бұған дейін сайтымызда "Трамп Мексика, Канада және ҚХР тауарларына баж саламын деп, мұнай бағасын "құлатты" деген мақала жарияланған болатын. Сондай-ақ ОПЕК + елдері 1 сәуірден бастап мұнай өндірісін біртіндеп ұлғайта бастайтындарын жазғанбыз.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар