Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы дүйсенбідегі сессия қорытындысы бойынша мұнай бағалары АҚШ-тың Мексика мен Канада (25%), сондай-ақ ҚХР (тағы 10%) тауарларына баж салығын енгізер алдында құлдырай жөнелгенін айтады. Халықаралық нарықта мұнайдың бір баррелі 2,1%-ға арзандап, 71,6 доллар болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Сонымен қатар, ОПЕК + 1 сәуірден бастап бұған дейін шектеп келген мұнай өндірісі көлемін біртіндеп ұлғайтуды жоспарлап отырғандарын растады. Мұндай жағдайда бір айдан кейін картельдің тәулігіне сатуға ұсынатын "қара алтынның" орташа көлемі 2,2 млн баррельге артуы мүмкін", - деп жазады сарапшылар.
Айта кетсек, 4 наурыздан бастап АҚШ канадалық энергия ресурстарды қоспағанда, Канада мен Мексикадан импортталатын тауарларға 10% тариф белгіледі. Сонымен қатар Қытай тауарларына арналған баж көлемін 10% -дан 20%-ға дейін өсірді, деп хабарлайды Associated Press.
Канада премьер-министрі Джастин Трюдо бұған жауап ретінде 21 күннен кейін күшіне енетін сомасы 100 миллиард доллардан астам америкалық тауарларға тарифтер енгізгенін жариялады. Қытай да шалт әрекет етіп, бірқатар америкалық ауылшаруашылық және азық-түлік өнімдеріне импорттық баждарды 10%-дан 15%-ға дейін көтеріп, 25 америкалық компанияға экспорттық және инвестициялық шектеулер енгізді. Мексика әзірге үнсіз, бірақ сарапшылар ол тараптан да нақты жауап болатынына сенімді. Осы жағдайлар аясында канадалық доллар мен мексикалық песо бағамы бір айлық ең төменгі деңгейге дейін төмендеді.
Трамптың шешімі экономистер мен саясаткерлер арасында қатты алаңдаушылық туғызуда. Себебі инфляцияның ықтимал өсімі, жеткізілім тізбегінің бұзылуы және АҚШ-тағы экономикалық жағдайдың нашарлауы ықтимал деген болжамдар қылаң беруде. Дегенмен, Америка президенті өзінің стратегиясына бек сенімді, сондықтан алған бетінен қайту ойы жоқ. Ол тарифтер бұрынғы саясаткерлердің "арамдығы, ақымақтығы немесе сыбайлас жемқорлығы" кесірінен қолданылмай келген "қуатты қару" деп санайды.
Ақ үй баж салығын есірткі трафигімен және заңсыз көші-қонмен күрес ретінде түсіндіреді.
Кейбір республикашылар, соның ішінде сенатор Сюзан Коллинз туған жері Мэн штатының экономикасы Канадамен тығыз байланысты болғандықтан өз алаңдаушылығын білдірді. Америкалық компаниялар да ауыр зардаптарға іштей дайындалуда. Ойыншық өндірушілер қауымдастығының президенті Грег Ахерн Қытай тауарларына салынған 20 пайыздық баж салығы аталған сала үшін "жойқын" болатынын айтты, өйткені америкалық нарықтағы ойыншықтардың 80%-ы Қытайда жасалған. Ал Трамптың өзі болса, тарифтер АҚШ-қа шетелдік компанияларды тартады деп санайды, бірақ сарапшылар фабрикалар қытайлық өндірістің орнын тез алмастыра алатындығына күмәнмен қарайды.
Бұған дейін ОПЕК+ елдері 1 сәуірден бастап мұнай өндірісін біртіндеп ұлғайта бастайтынын жазғанбыз.