Freedom Inside '26

Қытай түрмесіндегі 10 жыл: Ақжарқын Тұрлыбайдың елге оралуына мүмкіндік бар ма?

Қытай түрмесіндегі 10 жыл: Ақжарқын Тұрлыбайдың елге оралуына мүмкіндік бар ма?
kznews.kz коллажы

Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбайдың Қытай түрмесінде отырғанына он жылдан асты. Ол 2014 жылы Гуанчжоу әуежайында ұсталып, жүгінен 4,5 келі амфетамин табылғаннан кейін есірткі тасымалдады деген айыппен сотталған, деп dalanews.kz тілшісі kznews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қытай соты қазақстандық бойжеткенді өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кескен. Алайда қорғаушы тарап Ақжарқын өз кінәсін мойындамайтынын және оның халықаралық есірткі тасымалымен айналысқан топтың құрбаны болуы мүмкін екенін айтып келеді.

Ақжарқын Тұрлыбай 1994 жылы Түркістан облысы Мақтаарал ауданында дүниеге келген. Мектептен кейін педагогикалық университетке оқуға түсіп, Алматыға көшкен. Сол кезде ол Қытайдан киім әкеліп сатумен айналысқан құрбысымен бірге тұрған.

2014 жылдың наурызында Ақжарқын Қытайға алғаш рет барған. Алғашқы уақытта ата-анасымен байланыста болғанымен, кейін хабарсыз кетеді. Кейін оның Гуанчжоу әуежайында ұсталғаны белгілі болды.

Қорғаушылардың айтуынша, Нигерия азаматы Адинду Нонсо Фортуна одан Малайзияға әйелдер киімі салынған чемоданды жеткізіп беруді сұраған. Алайда кедендік тексеріс кезінде сол жүктен есірткі табылған.

Ақжарқын өзіне тағылған айыппен келіспейді. Ол чемоданның ішінде есірткі барын білмегенін айтқан. Оның адвокаты Сұңқар Нұрмағамбетов те қазақстандық студенттің алдануы мүмкін екенін бірнеше рет мәлімдеген.

Бұл жағдай Ақжарқынның отбасы үшін де ауыр сынақ болды. Анасының айтуынша, қызын қорғау және Қытайға барып-келу шығындарына байланысты отбасы мүлкін сатуға мәжбүр болған.

Қамауда отырған жылдары Ақжарқын қытай тілін меңгеріп, түрмеде йога және ағылшын тілі сабақтарын өткізгені айтылған.

Қазақстан тарапы оны елге қайтару мәселесін бірнеше рет көтерді. Дипломаттар мен адвокаттар экстрадиция бағытында жұмыс жүргізгенімен, Қытай тарапы өмір бойына сотталған азаматты беруге әзірге келісім бермей отыр.

Қорғаушылардың сөзінше, егер Ақжарқынның жазасы жеңілдетілсе, оны Қазақстанға ауыстыру мүмкіндігі пайда болуы ықтимал. ҚР Сыртқы істер министрлігі 2025 жылы бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатқанын хабарлаған. Қазір іс Бас прокуратураның қарауында.

Сонымен қатар Қазақстан тарапы бұл іске қатысы болуы мүмкін Нигерия азаматын экстрадициялау мәселесін де көтеріп отыр.