Жамбыл облысының Т. Рысқұлов ауданында мектепті күрделі жөндеу кезінде бюджет қаражатының заңсыз жұмсалу фактілері анықталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Аудан прокуратурасы жүргізген талдау барысында Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектепті жөндеу жұмыстары толық орындалмағанына қарамастан, мердігер ұйымға 78 миллион теңгеден астам қаражат негізсіз төленгені белгілі болды.
Прокурорлық қадағалау актісінің нәтижесінде аталған қаражат толық көлемде бюджетке қайтарылды.
Сонымен қатар аудандық білім бөлімі, мердігер ұйым, сондай-ақ авторлық және техникалық қадағалауды жүзеге асырған тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға жалпы сомасы 1,4 миллион теңге айыппұл салынған.
Прокуратура мәліметінше, қабылданған шаралардан кейін мердігер ұйым құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, мектеп пайдалануға берілген.