ОПЕК+ шілдеде мұнай өндірісі көлемін алдыңғы екі айдағыдай бірдей мөлшерде ұлғайту туралы қабылдаған шешімі "қара алты"» бағасына 1 доллар құн үстемеледі. Brent маркалы мұнай фьючерстерінің бір баррелі 63,97 долларға, WTI маркалы мұнайдың бір баррелі 62,09 долларға дейін қымбаттады. Екі брендтің де мұнай жеткізу фьючерстері қазірдің өзінде өсімді жалғастыруда. Соңғы мәліметтер бойынша, Brent мұнайының құны 64,31 долларға жетіп, 2,44%-ға тағы өсті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, БАӘ, Алжир, Кувейт, Қазақстан және Оман 30 мамырда мұнайдың тәуліктік өндірісін 2025 жылдың шілдесінде 411 000 баррельге ұлғайтуға келісті. Бұл туралы ОПЕК сайтында жарияланған елдердің бірлескен мәлімдемесінде айтылады. Негізінен, шілдеде мұнай өндірісі көлемін ұлғайту туралы шешім қабылдаған ОПЕК + ұйымының сегіз мүшесі алдында өз еркімен ресурстарды өндірісін тәулігіне 2,2 миллион баррельге қысқартқан болатын. Сәуірде олар осы шекті көлемді ақырындап босата бастауға келіскен.
Reuters басылымының хабарлауынша, негізінен, тәуліктік өсім көлемі шілдеде бұдан да көп болады деп есептелген. Егер бағаны тағы төмендету мақсаты болса. Бірақ ондай тосынсый болмады. Оған қоса АҚШ нарығында бұрғылау белсенділігінің төмендеуі байқалады: жұмыс істеп тұрған қондырғылардың саны 461-ге дейін қысқарды, бұл - 2021 жылдың қарашасынан бергі ең төменгі көрсеткіш. Бағаларға қосымша қолдау АҚШ-тағы жанар-жағармайға сұраныстың артуы болды: аптасына тәулігіне 1 миллион баррельге жуық, бұл - соңғы үш жылдағы ең үлкен секірістердің бірі. Сонымен қатар, дауыл мен цунами белсенді болатын маусым жақындап келеді, бұл тасымалға қатысты белгілі бір мәселе туғызуы мүмкін. Осы жағынан алғанда, көтерілген мұнай бағасы ары қарай өз жалғастығын табуы мүмкін бе?
Экономист Руслан Сұлтанов мұнай бағасындағы қазіргі өзгеріс қысқармерзімді құбылыс болғанымен алда өсімнің тағы орын алуын жоққа шығармайды.
"Мұнай нарығы OPEC-тің болжамды қадамдарының арқасында қысқамерзімді өсімді байқатты, бірақ іргелі тәуекелдер әлі де сақталып отырғанын естен шығармаған абзал. АҚШ-тағы маусымдық сұраныс және өндірістің төмендеуі алдағы апталарда бағаның құбылмалылығына қайта жол ашуы мүмкін", - дейді ол.
Бұған дейін сайтымызда "Қазақстан Еуропаға мұнай тасымалдаушы ірі үш елдің қатарынан көрінді" деген материал жарияланған болатын.