«Мұғалім түнде де жауап беруі керек пе?» - Аймағамбетовтың мәлімдемесінен кейін заң өзгерді

«Мұғалім түнде де жауап беруі керек пе?» - Аймағамбетовтың мәлімдемесінен кейін заң өзгерді
Gov.kz

Мәжіліс педагог мәртебесі, білім беру, денсаулық сақтау және бала құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі заңды екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Заң Мемлекет басшысының педагогтердің құқықтары мен мүдделерін заңнамалық деңгейде қорғауды күшейту жөніндегі тапсырмасы аясында әзірленген.

Құжаттағы ең маңызды өзгерістердің бірі - мұғалімдердің жауапкершілігін сабақ уақытымен ғана шектеу болды. Осыған дейін қоғамда мектеп оқушыларына қатысты түрлі оқиғалардан кейін мұғалімдер мен мектеп директорлары сабақтан тыс уақытта болған жағдайлар үшін де жауапқа тартылып келген.

Бұл мәселені Мәжіліс депутаты, экс-білім министрі Асхат Аймағамбетов бірнеше рет көтерген болатын. Оның айтуынша, елде соңғы жылдары мұғалімдерге артық жауапкершілік жүктеліп кеткен.

«Жазғы демалыс кезінде, түнгі уақытта немесе демалыс күндері болған жағдайлар үшін мұғалімдерді жазалау дұрыс емес. Өкінішке қарай, бізде мұндай тәжірибе болды. Оқушы көшеде төбелессе де, түнде бір жағдайға тап болса да, ең алдымен мектеп директорын немесе сынып жетекшісін кінәлауға тырысады. Бұл әділетсіз», - деді Аймағамбетов Мәжіліс кулуарында.

Депутаттың сөзінше, мұғалімнің міндеті сапалы білім беру мен тәрбие жұмысы, ал ата-аналардың жауапкершілігін ешкім алмастырмауы керек.

«Каникул, кешкі уақыт, демалыс күндері  бұл ата-ананың тікелей жауапкершілігі. Мұғалім бәріне тәулік бойы жауап беруге міндетті емес. Біз педагогті бақылаушы органға айналдырып жібердік. Соның кесірінен мұғалімнің негізгі жұмысы екінші орынға түсіп қалды», - деді депутат.

Заңдағы өзгерістер тек жауапкершілік мәселесімен шектелмейді. Құжатта мұғалімдерді артық бюрократиялық жүктемеден қорғауға бағытталған нормалар да енгізілген.

Енді педагогтерден бір есепті қағаз және электронды форматта қатар жүргізу талап етілмейді. Сонымен бірге мектептерде ұялы телефондарды пайдалану бойынша бірыңғай ережелер енгізіледі.

Асхат Аймағамбетов бұған дейін мұғалімдердің WhatsApp чаттарындағы шамадан тыс жүктемесін де сынға алған еді.

«Кейбір мұғалімдер тәулігіне ондаған чатта отырады. Түнде ата-аналар жазады, демалыста хабарласады. Мұғалімнің де жеке өмірі бар. Ол сабақтан кейін міндетті түрде WhatsApp-та жауап беруге тиіс емес», - деген болатын депутат.

Оның пікірінше, мектептерде байланысқа арналған ресми цифрлық платформалар болуы қажет, ал педагогтердің жеке телефон нөмірі баршаға қолжетімді болмауы тиіс.

Заң аясында ата-аналардың жауапкершілігі де кеңейтілді. Балалардың өмірі, денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатысты міндеттер енді нақтырақ бекітіледі.

Сонымен қатар құжатта Қазақстанда шетелдік жетекші университеттердің филиалдарын ашуға қатысты нормалар қарастырылған. Олар тек мемлекеттік білім беру стандарттарын сақтаған жағдайда ғана жұмыс істей алады.

Бұдан бөлек, жоғары медициналық білім беру жүйесіне өзгерістер енгізілді. Енді интеграцияланған модель бойынша студенттер 6 жыл жоғары оқу орнында білім алып, кейін 1 жыл толыққанды интернатурадан өтеді. Оқуды аяқтаған түлектер медициналық практикамен айналысу құқығына ие болады.