Мұғалім: «Ақша жинауға қарсы шыққаным үшін қудаландым»

Dalanews 13 мам. 2016 00:13 1590

 

Алматы облысы Білім басқармасының басшысы Ляззат Базарқұлованың назарына!




Мектептерде ұстаздар мен ата-аналардан ақша жинау әлі де тыйылмай отырғанға ұқсайды. Аттестациялық комиссияға, газет-журналдарға, мектептің іші-сыртын бүтіндеуге және басқа да іс-шараларға ақша жинау әлі азайған жоқ.

Редакциямызға осылай деп арыз айтып келген Алматы облысы Іле ауданы №17 орта мектебінің ұстазы Айнұр КҮЛЕНБАЕВА (суретте)  «мектептердегі сыбайлас жемқорлық бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті» дейді.


Біз ұстаздың жанайқайын өз аузынан қаз-қалпында бергенді жөн көрдік.  Рас болса, Айнұр Күленбаева мектептегі біраз былықтың әрі айтыла бермейтін «құпиялардың» басын ашыпты.


 




[caption id="attachment_15604" align="alignleft" width="257"]Қала мен Дала Айнұр Күленбаева[/caption]

Мен – ұстазбын. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін. 16 жылдық өтілім бар. Әрі көпбалалы анамын. Алматы облысы Іле ауданындағы №17 орта мектепте сабақ беремін.


Айтайын дегенім, мектептегі жемқорлық. Ақша жинау. Осы уақытқа дейін шыдап бақтым. Түсінгенім, үндемеген үйдей бәледен құтылмайды. Керісінше, үндемеген сайын мойныңа мініп алады.


«Мектептерде ата-аналар мен ұстаздардан ақша жиналмасын!» деген заң бар екен. Бірақ, оның орындалуын кім бақылап жатыр? Ақша әлі де жиналуда...


Мен соның құрбаны болдым.


Ақша қоспадың екен, қудалайды. Айтылған күні кешке дейін тауып беру керексің. Кешіктің екен, директордың «қара тізіміне» ілігесің. Іліктің екен, одан қайтіп шығу қиын. 


Қудалау қалай жүреді, айтайын ба? Алдымен ұстаздардың атынан арыз түсіреді, артынан ата-аналарды саған қарсы қояды. Не үшін? Сені жұмыстан шығару үшін. Айтқан ақшасын дер кезінде әкеп тапсырмағаның үшін алатын жазаң осындай.


 Былтырғы жылы қыркүйек айының 15-нен бастап мектебіміздің директоры Мәрия Шакарова жан алқымымнан алды.


«Қазан айында аттестациялық комиссия келеді. Соған бір-екі күн мұрсат берем,  әр мұғалім 27 мың теңгеден жинайсыңдар. 20 мыңды қалталарына саламыз. 5 мыңды тамағына жұмсаймыз. 2 мың жолдарына кетеді» деді.


Мен бере алмадым. Өйткені ақшам жоқ. Тапқан табысым тамақтан артылмайды. 27 мың теңге – мен үшін үлкен ақша. Осыны айтып директорға кірдім. «Зарплатадан берейін. Күте тұрыңыздар» деп.


Мектептерде әдістеме бірлестігінің жетекшілері болады. Қазақ тілі әдістеме бірлестігінде 20 ұстаз болса, осы 20 мұғалімге бір жетекші тағайындалады.


Айтайын дегенім, директорлар ақшаны тікелей жинамайды. Осы жетекшілер арқылы жинайды. Директор жиналыста осы кісілерге «тапсырма» береді. Олар бізден талап етеді. Тапсырмағандардың тізімін береді. Осылайша қудалау басталады. 




[caption id="attachment_15605" align="alignright" width="366"]Мектепте ақша жинау қашан тыйылады? Мектепте ақша жинау қашан тыйылады?[/caption]

Директордың жалақыға дейін күтпейтіні белгілі еді. Ақша тапсыруды кешіктірген мен «қара тізімге» ендім.


Директордың «сенімді адамдары» болады. Қолшоқпарлары. Айдауымен жүріп, айтқанына көнетіндер.


Солар «бүлдіреді» бәрін. Қажетті ақшасын дер кезінде тауып бере алмағасын, мені қудалай бастады. «Сенімді адамдар» ата-аналардың атынан маған шағым түсірді. Бір-екі рет себепсізден сабағымның үстіне кіріп келді.


Амалым қалмағасын қарыз сұрадым. Тапқаным – 10 мың.


– Қолымда бары осы. Қалғанын жалақыдан берейін, сәл шыдаңыз, – дедім мен.


– Мен сізге шара қолдануым керек, – деді директор.


– Неге? Не үшін?..


Мен жылап жібердім.


Бұл кісі бізге былтырғы жылдың сәуір айында келген. Келе сала екі мұғалімді жұмыстан шығарды. Себеп табылды.


Ақшаны дер кезінде тапсырмаған мені жұмыстан шығару «жоспары» жасалды.


Ал маған жұмыс керек. Артымда бес балам бар. Қазір алтыншысына жүктімін.


Маған жала жапты. «Балалардан шоколад сұрайды. Сабақ үстінде әңгіме айтып отырады», – деді.  Мен: «Дәлелдеңіздер!» – дедім және осы сөзімде тұрдым. Бірақ, мені кім тыңдасын? Айыптау үшін оларға дәлел де керек емес.


Мені жұмыстан шығармай тынбасына көзім жеткеннен кейін құзырлы органдарға шағымдандым. Бәрі де амалдың жоқтығынан.


Директорды (Мәрия Шакарованы айтамын) ұстады. Ұстаған кезде ол өз-өзіне қол жұмсапты. Директордың ақша жинағанына нақты дәлел тапқан құзырлы органдар оны «7 жылға сотталады» деді.


Оның өз-өзіне қол жұмсағанын естіп шошым кеттім. Аяғым ауыр әрі біреудің обалына қалдым ба деген ой мазалады. Кейін құзырлы органның басшысына кіріп, шағымымды өзгерттім. «Шешімді жұмсартсын» дедім. Ешкім күштеген жоқ. Аядым. Маған иттік жасады, кешірдім.


Ең қызығы ол қайта оралды. Бұрынғы мектебіне мұғалім ретінде қайта орналасты.  Және маған қарсы күрес жүргізуге қайта кірісті. Оның бұрынғы көмекшілері маған қарсы қайта жұмылды.


Шынымды айтайын, шаршадым. Сабақ беремін бе, әлде соттасамын ба? Қайсысымен жүремін?


Кеткен директордың орнына жаңасы келді (аты-жөні: Жанат Имашева). Бірақ ол да бұрынғы директордың, қазіргі мұғалімнің айтқанынан шықпайды. Бұл директорды да маған қарсы қойды. Өткен айда ғана маған арыз түсірді.


05-2_b5bd1b1aОлар мені неге ұнатпайды? Мені неге жұмыстан шығарғысы келеді? Себебі, мен ақша жинауға қарсымын. Ақша жинау туралы әңгіме болса мен сөйлеймін. Бар мәселе осыда.


Мені қудалау да осыдан басталды. Директордың айдауына көніп, айтқанымен жүрмегендіктен осындай күйге түстім. Көніп жүргендер қаншама... 


Айтпақшы, ақша демекші, қазірдің өзінде мектептің ішін жөндейміз деп ата-аналардан мың-екі мың теңгеден жинатып жатыр.


Біздің мектепте 2 мыңға тарта бала оқиды. Есептеңіз, әр баладан 2 мың теңгеден жинағанда 2 млн теңгеге шығады.


Жоғарыда айтқан комиссияға мектебіміздегі 150-ге тарта мұғалім 27 мың теңгеден жинап берді. Есептей беріңіз...


Мені қудалағалы бері бұрындары араласып-құраласып жүретін ұстаздар қасыма жолаудан, сөйлесуден қорқады. Тіпті, бірге отырып тамақ ішуге де қаймығады. Үркітіп тастаған.  Іштей жақтасады, көмектері сол.


Менің жағдайымды осы газеттен оқыған болса, Алматы облысы Білім басқармасының басшысы мұны назарға алады және тиісті шешім шығарады деген сенімдемін.


 Жазып алған, Думан БЫҚАЙ


 



Редакциядан: Алматы облысы Іле ауданы №17 орта мектебінің ұстазы Айнұр Күленбаеваның көзқарасымен және айтқан сөздерімен келіспейтін тұстары болса, Қарсы тараптың пікірін де жариялауға әзірміз. Редакцияның көзқарасы мен автордың пікірі сәйкесе бермейтінін ескертеміз. 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар