Мосбиржаның KASE-дегі үлесін қос ресейлік компания еншіледі. Бұл алдау ма әлде арбау ма?

Кәмшат Тілеухан 11 қаз. 2024 17:16 3603

Мосбиржаның KASE-дегі үлесін қос ресейлік компания еншіледі. Бұл алдау ма әлде арбау ма? Мамандар осылайынан дабыл қағады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бүгін Мосбиржа Қазақстан қор биржасындағы (KASE) 13,1% үлесінен арылды. Бұл туралы ҚР Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.

Кейіннен Мосбиржаның KASE-дегі үлесі қос ресейлік пайлық инвестиялық компания еншілегені белгілі болды.

Акционерлердің жаңа тізіміне үңілсек, 13,1 пайызды "Тетис Кэпитал" (8,5%) мен "Баланс Эссет Менеджмент" деген екі ресейлік компания (4,6008%) өзара бөлісіп алыпты.  Біріншісі "Нигелла" инвестициялық қорын, ал екіншісі "Левкой" қорын басқарады.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, "Баланс Эссет Менеджмент" 2022 жылы мәскеулік ЦСКА футбол клубының 77% акциясын сатып алыпты. Құрылтайшысы – Виталий Баланович. Ол "Тринфико" инвестициялық тобының қаржыгері және басқарушы директоры болып табылады.

"Тетис Кэпитал" ЖШС-ның қос құрылтайшысы бар екен: Андрей Марсижәне Александр Воронков. Марси – "Тринфико" тобының басқарушы серіктесі, активтерді басқарып, жылжымайтын мүлікке қатысты инвестициялық мәселелермен айналысады. "Коммерсант" басылымының мәліметінше, ол Ресейдегі үздік топ-менеджерлердің бірі көрінеді.

Экономист Ғалымжан Айтқазин Мосбиржа KASE құрамынан шыққан жоқ, өз делдалдары арқылы әлі де өз үлесін сақтап отыр деп бажайлайды.

"Оның үстіне KASE сауда-саттық сомасын да жасырып отыр, бұл да осы қауіпті қоюлата түседі. Сондықтан KASE-ден де Ұлттық банктен де бір нақты түсінік беруді сұраймыз. Қазақстанның ірі биржасы құрамында оффшор ресейлік компаниялардың болуы қауіп факторы болып саналады. Кез келген оффшор компанияның бенефициарын ашып көрсетуге міндетті емес екенін аңғартады", - дейді маман дабыл қаға.

11 қазандағы жағдай бойынша, КASE-нің негізгі акционері – ҚР Ұлттық банкі (46,9%). Одан кейін акционерлер қатарында Halyk Group (9,3%), "Көммеск-Өмір" (7,6%) де бар.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар