Бұл үшін арнайы әдістеме - PEFA-ны қолдану жайы қарастырылып жатыр. Осы мәселені талқылау үшін бүгін Астана қаласына қаржыгерлер мен сарапшылар қауымы жиналды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жоғары аудиторлық пала атап өткендей, PEFA мемлекеттік бюджеттік басқарудың ашықтығын, тиімділігін және тұрақтылығын бағалауға, негізгі сын-қатерлерді анықтауға және оларды шешу жолдарын айқындауға мүмкіндік береді.
Жиын барысында PEFA әдістемесінің негізгі қағидаттары, сәтті іске асырылған елдер бойынша мысалдар және мемлекет шығыстарының тиімділігін арттыру үшін бағалау нәтижелерін пайдалану мүмкіндіктері таныстырылды.
PEFA бағалауын жүргізу әдістемесінде мемлекет қаржысын басқарудың әртүрлі аспектілерін бағалайтын 31 индикатор қарастырылған. Бұл индикаторлар жеті негізгі санатқа бөлінеді:
- Мемлекет қаржысының ашықтығы;
- Бюджетті жоспарлаудың сенімділігі;
- Кірістерді басқарудың тиімділігі;
- Бюджеттің орындалуын бақылау;
- Аудит және сыртқы тексеру;
- Мемлекеттік қарызды басқару;
- Бюджетаралық қатынастардың ашықтығы.
Айта кету керек, Қазақстанда PEFA бағалауын жүргізудің негізгі кезеңі биыл 3-7 наурыз аралығында өтеді. PEFA – елдегі мемлекеттік қаржы жүйесін бағалау үшін қолданылатын стандартталған әдістеме. Қазақстандағы соңғы бағалау 2018 жылы жүргізілген.
Бұған дейін 2025 жылы 40-тан астам аудиторлық іс-шара өткізу жоспарланғанын, соның ішінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Астана және Алматы қалалары, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Жамбыл облыстары, сондай-ақ "Самұрық-Қазына" қоры, "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясы, KEGOC кәсіпорны, Ұлттық банк, Төтенше жағдайлар министрлігі бюджеттерінің орындалу барысы тексерілгелі жатқанын жазғанбыз.