Мажарстан парламенті Андраш Баканы ел президенті етіп сайлады

Мажарстан парламенті Андраш Баканы ел президенті етіп сайлады
Фото: ашық дереккөзден

Мажарстан парламенті Жоғарғы соттың бұрынғы төрағасы Андраш Баканы елдің жаңа президенті етіп сайлады. Оның кандидатурасын биліктегі "Тиса" партиясы ұсынған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Парламенттегі жасырын дауыс беру кезінде Баканы 140 депутат қолдап, алтауы қарсы дауыс берген. Виктор Орбан басқаратын оппозициялық "Фидес" партиясы дауыс беруге қатыспады. Партия өкілдері бұрынғы президент Тамаш Шуйоктың өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатуды заңсыз деп санайтынын мәлімдеген.

Андраш Бака бұған дейін Мажарстан Жоғарғы сотын басқарған. Ол Орбан билігі кезіндегі сот реформаларын сынға алғаннан кейін 2011 жылы қызметінен мерзімінен бұрын босатылған. Кейін Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты оның қызметтен алынуын заңсыз деп таныған.

Жаңа президент алғашқы сөзінде мемлекет басшысы қоғамдағы түрлі саяси көзқарастарды ескеріп, азаматтардың пікір білдіру құқығын қорғауы керегін айтты.

Ол елде билік тармақтары арасындағы тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін қайта қалыптастыру қажеттігін де атап өтті.

"Президент барлық мәселені тікелей шешуге өкілетті емес. Бірақ оның міндеті – қоғамдағы түрлі топтардың, әсіресе қолдауға мұқтаж азаматтардың мүддесін барынша кеңінен білдіру", – деді Андраш Бака.

Андраш Баканың президент қызметіне ресми кірісуі 19 тамызға жоспарланған. Мажарстанда президент лауазымы негізінен өкілдік сипатқа ие болғанымен, мемлекет басшысы заңдарға қол қою және кейбір заң жобаларын Конституциялық сотқа жіберу құқығына ие.