Майонез майданы: министрлік Magnum-ға қандай шарт қойды?

Сағыныш Сардарова 05 там. 2025 12:10

Magnum-ның басы тағы да дауға қалды. Кеше танымал қаржы сарапшысы Айбар Олжай Magnum-ға қатысты халық көкейіндегі өзекті мәселені қозғап, пікір білдірді. Оның сөзінше,гипермаркет сөресінде отандық өнімнің орнына ресейлік тауар қаптаған. Бұған жауапты министрлік не дейді? Dalanews.kz тарқатты.

Даудың басы: майонездің артында қандай мәселе тұр?

Даудың басы Алматыда өндірілетін "3 желание" майонезінен басталған. Айбар Олжайдың айтуынша, гипермаркет қызметкері қазір қазақстандық майонез сатылмайтынын растапты.

"Magnum қазақстандық майонезді алып тастап, орнына Ресейдің "Макеев" майонезін толтырып тастаған", - деп ашынды ол.

Мәселе майонезбен шектеліп қалмайды. Бұл бірнеше маңызды, түйткілді мәселені ашып көрсетіп отыр. 

"Magnum - жекеменшік бизнес. Ол қазақстандық өнімді мүлде сатпай, сөрелерді Бразилияның бубузеласымен толтырып қойса да өз еркі. Бірақ ондайы бар болатын болса, мемлекеттен не үшін 0,01 пайызбен тегін ақша алып отыр деген сұрақ туындайды. Соңғы 5 жылда Magnum бір Алматының өзінен кемінде 13 миллиард теңге көмек алған. Ал басқа өңірлерді қоса алсақ, жоқ дегенде 17-18 миллиард теңге шығуы мүмкін", - дейді сарапшы.

Бұл тұста Сауда министрлігінің әрекеті де тілге тиек етіліп, жауапты ведомство тарапынан үлкен логикалық қателік бары айтылды.

"Олар Magnum сияқты ірі сауда желілеріне пайызсыз несие таратып отырғанда тек белгілі бір әлеуметтік азық-түлікке бағаны өсірмеу бойынша талап қояды. Бірақ "ол тауар отандық болуы тиіс" деген шарт жоқ. Сондықтан мысалы, "арзан сүт сат" деп талап қойып, мемлекеттік көмек берілгенде, Magnum ол ақшаны алып, Беларусьтің арзан сүтін сатып отыра алады. Ол біздің отандық тауар өндірушіні қолдау бойынша экономикалық логикамызға, осы салаға берілетін 8 триллион теңге инвестициямызға мүлде қайшы, қарама-қарсы шешім", - дейді ол.
Мәселенің шеті мұнымен бітпейді. Отандық тауардың сөреден түсіп қалуы сол зауытта жұмыс істейтін қазақстандықтарға да үлкен ықпалын тигізеді: айлық өспейді, жұмыс орны қысқарады. Бұл аз десеңіз, сарапшының пікірінше, ресейлік тауар сатыла берсе, Ресейдегі инфляция бізге де әсерін береді.
 
Шарттан бас тартқаны үшін айыппұл: Сауда комитетінің ұстанымы қандай?

Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті Magnum-ға қатысты сын-пікірден кейін үнсіз қалмады.

Ведомство мәліметінше, қолданыстағы талаптарға сәйкес сауда нысандары мен базарлардағы сөренің кемінде 30 пайызы Қазақстанда өндірілген азық-түлік тауарларына бөлінуге тиіс.

"Үкіметтің тапсырмасы негізінде мемлекеттік қолдау алатын сауда желілері үшін қарсы міндеттемелер тетігі енгізілді. Бұл талап бойынша отандық азық-түлік тауарларына сөре кеңістігінің 50 пайызына дейін, ал азық-түлік емес тауарларға кемінде 20 пайызы бөлінуге тиіс. Мұндай тауарлар "Қазақстанда жасалған" деген арнайы белгімен таңбаланып, тұтынушы үшін көзге бірден түсетін, сатып алу белсенділігі жоғары аймақтарда, көз деңгейінде орналастырылады", - деп жазылған хабарламада.

Ұлттық өндірушілерді қолдау жөніндегі мемлекеттік саясат аясында министрлік сауда орындарында отандық өнімдердің қолжетімділігіне мониторинг жүргізген. Ресми мәліметке сүйенсек, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 15 санаты (сүт, ет, нан, жұмыртқа, ұн және т.б.) бойынша жүргізілген талдау нәтижесінде қазақстандық өнімдер орта есеппен сөре кеңістігінің 92 пайызын алып отырғаны анықталған. Бұл көрсеткіш базарларда 94 пайыз, дүкендер 93 пайыз болып отыр.

"Кең ассортиментке қарамастан, супермаркеттерде де отандық өнімдер үлесі жоғары, яғни 89 пайыз болады. Шетелдік мемлекеттерден әкелінген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары супермаркеттерде 8,5 пайыз көлемінде ұсынылған, ал базарлар мен шағын дүкендерде бұл көрсеткіш 5 пайыздан аспайды. Сонымен қатар, қазақстандық сиыр еті, нан, айран және жұмыртқа сауданың жекелеген форматтарында 100 пайызға дейін ұсынылып, тұтынушы сұранысын толық қамтамасыз етіп отыр", - деп жазылған хабарламада.

2023 жылдан бастап Сауда және интеграция министрлігіне сауда нысандарының қызметі туралы заңнама талаптарын сақталуын тексеру өкілеттігі берілген.

"Министрлік отандық өндірушілермен шарт жасасудан негізсіз бас тарту жағдайларын да тексере алады. Мұндай әрекеттер нарыққа қолжетімділікті шектеу ретінде қарастырылып, кәсіпкерлік субъектілеріне 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады", - деп жазылған хабарламада.

Сауда комитеті қазір отандық өндірушілер тарапынан өнімді сөрелерге орналастырудан негізсіз бас тартуға байланысты уәкілетті органға ешқандай шағым түспегенін мәлімдеді.

Бұған дейінгі жағдай

Айта кетейік, бұған дейін де Magnum-ның басы дауға қалды. Әлеуметтік желілерде Magnum супермаркеттер желісінің курьері жұмыстан шығарылуы үлкен талқыға түсті. Бұл жағдай курьер клиенттен қазақ тілінде сөйлеуін сұрауынан кейін болды.

Клиент Асылхан есімді азаматтың айтуынша, ол Magnum-нан азық-түлікке тапсырыс берген кезде курьер одан қазақша сөйлеуді талап еткен. Кейін бұл оқиға әлеуметтік желіде жарияланып, нәтижесінде курьер жұмыстан қуылған еді. Десе де артынша екеуі татуласып, видео жариялады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар